«Қой сойып, шығарып салдым»: Актер Шәріп Серік ауыр рөлдеріне қатысты шындықты айтты
Отандық танымал актер Шәріп Серік кино саласындағы мансабында болған ауыр рөлдері туралы айтты. Өнер иесі рөлге кіру қаншалықты қиын болса, одан шығу да оңай емес екенін жеткізді.
Шәріп Серік өзі түскен «Қарға» сериалындағы кейіпкерін сомдау өзіне аса ауыр болғанын жасырмады. Ол тіпті бұл жобадағы рөлінен шығу барысында психологиялық сессияларға қатысқанын айтты. Өнер иесі бүгінде кейіпкерлерімен қоштасу рәсімін өткізетінін жеткізді. Ол жоба аяқталған бойда қой сойып, сомдаған кейіпкерін шығарып салатынын айтты. «Қарға» сериалы менің өмірімді өзгертті. Көп нәрсеге деген көзқарасым өзгерді. Менің кейіпкерімнің аты – Қанат. Оны анасы сәби кезінде сөмкеге салып, қоқысқа тастап жіберген. Кейін оны біреулер тауып, балалар үйіне өткізеді. Ол жерде оған бір қыздың өлімін мойнына іліп, 13 жыл түрмеде отырады. Жалпы айтқанда 26 жыл бостандық көрмейді. Түрмеден шыққан соң ол бәрінен кек алады. Мен көп рөл сомдадым. Бірақ дәл осы жобадағы кейіпкерім ерекше болды. Осыған дейін ойнаған рөлдерімді ішімде сақтап жүремін. Қанша рөл ойнасам да, бәрін ашамын да, бірақ жаппайды екенмін. Қанша жерден образға кірсең де, одан шығу да қиын екен. Ол үшін психологиялық сессиялар да өткіздім. Сосын бір кісі маған жоба біткен соң қой союға кеңес берді. «Құрбан шалып, қан шығарып, кейіпкеріңді шығарып сал» деді. Істейтін болдым. Қой сойып, шығарып салдым. Көмектеседі екен, кәдімгідей жеңілдеп қалдым», – деді Шәріп Серік «1001 түн» бағдарламасында.