Қызметінен босаған Мырзағали Айтжанов Жәнібек Әлімханұлының жаттығуын өткізді

0
71

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Мырзағали Айтжановтың жетекшілігімен спарринг өткізді. Бұл туралы боксшы Х желісіндегі ресми парақшасына жазды.

ІBF және WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) келесі жекпе-жегіне дайындығын бастап кетті. Қазір ол АҚШ-қа ұшпай, жаттығуын Қазақстанда жалғастырып жатыр.

Боксшы Х желісіндегі парақшасында бокстан ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Мырзағали Айтжановтың жетекшілігімен спарринг өткізген видеосын жариялады. Ал оның спарринг қарсыластары Мырзағали Айтжановтың жас шәкірттері болды.

«Жігіттердің боксы зерттеп жүрген қарсыластарымыздың тактикасына келеді екен. Мырза ағайдың мектебі десек те болады. Мырза ағай секілді қатты ұрады екен», – деді Жәнібек Әлімханұлы.

Мырзағали Айтжанов та боксшыны демеп, дайындықтың сапалы әрі жақсы өтуін тіледі.

Айта кетсек, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы жаңазелендиялық Андрей Михайловичпен келесі айда жекпе-жек өткізбек. Екі боксшының жекпе-жегі 14 шілдеде өтуге тиіс болатын, бірақ Жәнібек салмақ қуу кезінде денсаулығына байланысты ауруханаға түсіп, жекпе-жек кейінге шегерілді.


ПІКІР ЖАЗУ