САУМАЛ ЭКСПОРТЫ МҰНАЙҒА ҚАРАҒАНДА КӨБІРЕК ТАБЫС ӘКЕЛЕДІ
Нью-Йоркке бара қалсаңыз, сізді сары таксилерден бөлек арбаға жегілген төрт аяқты тұлпарлар да тасиды. Сәні мен салтанаты жарасқан бұл аттар, қала орталығы Манхэттеннің символы іспетті. Бұл туристерді қызықтыру үшін жергілікті кәсіпкерлердің ойлап тапқаны. Ат мінсе көлік дейміз. Десе де, кейде сезімтал жануар қаланың у-шуынан үркетін кездері болады. Мәселен, Нью-Йорктің қақ ортасында соңғы 2 жылда 18 жол апаты тіркелген. Бұған шағымданғандар көп болды. Арасынан жылқыға бұлай қорлық көрсетуге болмайды деп, жанашырлық танытқандар да табылды. Элли Фельдман, қоғам белсендісі: Жануарды қаланың қақ ортасында қара жұмысқа жегіп қою қатегіздік деп есептеймін. Тым болмаса ауылдық жерлерде жүрсе, жолда мұндай келеңсіздіктер болмайтын еді. Бұл адам үшін де, аттар үшін де қауіпті. Бұл пікірге еуропалықтар да жақын. Мәселен кәрі құрлықта жылқы етін жеу шектелген. Өйткені олар жылқыны ит пен мысық сияқты адамға жақын хайуан және адамның досы деп санайды. Десе де, жылқы етін біздегідей көп жемесе де, еуропалықтардың шұжыққа тәбеті жақсы. Мәселен, Италияның ет комбинаттары 2017 жылы 50 мыңдай бас жылқының етін сырттан сатып алған. Саумал экспорты мұнайға қарағанда 5-6 есе көп пайда береді. Мұны Еуропалықтар жақсы біледі. Фармацевтикалық және косметологиялық өнеркәсіптерде құрғақ саумалға сұраныс жоғары. Мәселен, косметика өндіруден танымал франциялық компаниялар, бие сүтінен неше түрлі опа далаптар, жақпа майлар өндіреді. Кәрі құрлықта құтыдағы қымыздың 1 литрі шамамен 7-8 еуро болса, құрғақ саумалдың 1 келісі 20-25 еуро тұрады. Ал дәрі-дәрумен бағытындағы өнімнің құны 2 есе қымбат. Неміс ғалымдарының зерттеуінше, «Д» дәрумені тек жылқының сүтінде кездеседі. Орыстар оны «бақыт гормоны» дейді. Бұл адам гормонының негізін түзетін триптафон. Қазақ қымыз ішсе, көңілі шалқып сала беретіні де содан. Жылқыларға арналған терапия Криотерапия дегенді естуіңіз бар ма? Бұл медицинада суықпен емдеу деп аталады. Бұны араб елдері жарыс алдында жылқыларды сергіту үшін пайдаланады. Дубайда жазда да, қыста да ыстық. Ал жылқы түйе сияқты шөлге аса бейім емес. Сондықтан мұндағы ат қораларға үлкен салқындатқыш камералар қойылған. Ол минус 140 градус температураға дейін салқындатады. Терапияның арқасында жылқы бойындағы қан айналым жүйесі жақсарып, одан ары жүйтки түседі. Бұл әсіресе бәйгеге қатысатын, жүйріктерге жасалады. Лук Юркович, кәсіпкер: – Ат спорты миллиондаған долларлық сыйлықтары бар үлкен бизнес. Ол қаржыны әкелетін әрине жылқы. Сондықтан бірінші кезекте аттарды бәйгеде сүрінбейтіндей, жағдайын жасау керек. Ат спорты экономикаға пайда әкеледі Ат спорты Англия, Франция, Жапония экономикасына да пайда әкеліп отыр. Бұл елдердің байлары жиған-тергенін банкте сақтағаннан гөрі ат сатып алғанды құп көреді. Мәселен, жапониялықтарға бәйге құмар ойын сияқты. Өйткені бұл елде казинолар жоқ. Спортқа бәс тігуге заңмен рұқсат берілген. Олар ат спортына ақша аямай бәс тігеді. Жүлде қомақты қаражат болғандықтан, мұндағы бәйгеге Германия, Англия, Францияның үздік жокейлері ғана қатысады. Дүние жүзінің түкпір-түкпіріне тараған жылқы малы ең алғаш қазақ жерінде үйретілген. Бұл әлем мойындаған дерек. Бірақ жастайынан ат жалын тартып мінетін дала жұртынан өзгелер озып тұр. Қазір қазақтар да әлемдік бәйгелерде ат шаптырып жатқанын көріп, біліп өзіміз де көрсетіп жатырмыз. Ал да тақым қысар сәттер көп болады деген ойдамыз.