ШҚО-дағы шахтадағы апат: Марқұмдардың аты-жөндері белгілі болды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Шығыс Қазақстан облысындағы кеніште төрт адам қаза тапқан топтық жазатайым оқиғаны тексеру үшін арнайы комиссия құрды, деп хабарлайды Politico.kz ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, комиссияны Шығыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Батырбек Қизатов басқарады. Оның құрамына ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті мен ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің өкілдері кірді.
Еңбекминінің ұжымы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, – делінген хабарламада.
Айта кетсек, қайғылы жағдай 31 тамызда сағат 16:25-те болды.
«Ертіс» шахтасында ауысым кезінде белгісіз затпен улану белгілері бар төрт жұмыскердің денесі табылды.
Министрлік қаза тапқандар тізімін жариялады.
«Востокцветмет» ЖШС екі қызметкері:
ұңғымашы А. Б. Бақытов, 1994 жылы туған;
ұңғымашы А. Б. Кеңесбаев, 1989 жылы туған.
«Шахтстрой Инжиниринг» ЖШС мердігер ұйымының екі қызметкері:
ұңғымашы А. Т. Жайрғазин, 1978 жылы туған;
ұңғымашы А. К. Құсайынов, 1983 жылы туған.
«Востокцветмет» ЖШС-нің тағы бір жұмыскері, ұңғымашы А.К. Қамбаров ауруханаға жатқызылды.
Комиссия жазатайым оқиғаның себептерін анықтайтын болады.
Фото: ашық дереккөз