ТҰРАҚТЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМДІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
Үкіметтің биылғы басты міндеті – тұрақты экономикалық өсімді ең кемі 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Соған орай Ұлттық экономика министрлігіне бір ай мерзімде іс-қимыл жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырды.
Сондай-ақ Үкімет басшысы жоғары деңгейде өңделетін өнім өндірісі мен оның экспорттық әлеуетіне басымдық берудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, қаржылай қолдау өндірістің технологиялық күрделілігіне байланысты көсетілуі керек. Бұдан бөлек Премьер-министр қымбатшылыққа тосқауыл қою жөнінде де Үкіметке тапсырма берді. Олжас Бектенов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі: – Бағаның өсуін тежеу Үкімет үшін басым міндет болып қала береді. Биыл біздің алдымызда инфляцияны 6-8% аралығында ұстап тұру міндеті тұр. Ол үшін мемлекеттік органдар Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.