Түркістан облысында тарихта болмаған жоба жүзеге асырылмақ
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жаңғыратын энергия көздерінен (ЖЭК) өндірілген электр энергиясының көлемі 5,92%-ға жетті.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, 2030 жылға қарай ЖЭК-тің жалпы электр энергетикасындағы үлесін 15%-ға жеткізу міндеті қойылды. Оған жету үшін мемлекет осы объектілерден жыл сайын аукцион арқылы сатып алатын қуаттың көлемін 6 ГВт-қа дейін ұлғайтуға ниетті. 2024 жылғы меже – 1 270 МВт.
ЖЭК үлесін арттыру үшін стратегиялық инвесторлармен бірге ауқымды жобалар қолға алынады. Атап айтқанда, француздың Total Energies, Сауд Арабиясының Acwa Power және БАӘ-нің Masdar компанияларымен бірге, елімізде жалпы қуаты 3 ГВт болатын ЖЭК жобаларын іске асыру басталды. Олардың әрқайсысының қуаты 1 ГВт-тан. Ведомствоның нақтылауынша, ол жобалардың орналасатын жері инвесторды қызықтыратын 1 кВт/сағ бағасын ескере отырып, анықталады. Тиісті үкіметаралық келісімдерді ратификациялау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жалпы, барлық жаңартылатын қуат көздері бойынша республикада Түркістан облысы көш бастап тұр. Әкімдіктің дерегінше, өңірде жалпы қуаттылығы 278 МВт болатын 21 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Соның ішінде жалпы қуаты 16 МВт болатын 8 су электр станциясы бар. Тағы 13 КЭС (күн электр станциясы) 262 МВт қуат өндіреді.
Сондай-ақ 2025 жылға дейін Түркістан облысында қуаттылығы 48 МВт болатын 7 нысанның құрылысы жоспарлануда, оның ішінде қуаты 8 МВт 4 СЭС және қуаты 40 МВт болатын 3 КЭС тұрғызылады.
Салыстырсақ, астаналық облыс саналатын Ақмола өңірінде жалпы қуаты 541,35 МВт болатын жаңғыратын энергия көздерінің 19 объектісі жұмыс істейді. Арасында жалпы қуаты 441,35 МВт болатын 18 жел электр станциясы және 100 МВт қуат өндіретін жалғыз күн электр станциясы ғана орналасқан.
Ескере кетсек, кезінде Үдемелі индустрияландыру аясында ашылып, соның мегажобаларының бірі ретінде дәріптелген AstanaSolar зауыты дәл осы облыста жұмыс істеген еді. Елімізде жаңа индустрияны құрып, түрлі қуаттылықтағы дайын күн электр станцияларын, фотоэлектрлі модульдерді, күн батареяларын шығарады делінген сол кәсіпорын дағдарып, тынды.
Ақмола облысында жалпы қуаты шамамен 4,95 МВт болатын 1 ЖЭК объектісін іске қосу қосымша жоспарлануда. Ол КЭС болмайды.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 2023 жылдың қорытындысында, жаңғыратын энергия көздері объектілерінде өндірілген электр энергиясының көлемі 6,675 млрд кВт/сағ немесе электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 5,92%-ын құрады.
Қазіргі уақытта республикада қуаты 2 903,54 МВт болатын 147 жаңартылатын энергия объектілері (100 кВт-тан астам) бар:
- қуаттылығы 1 409,55 МВт 59 жел электр станциясы;
- қуаттылығы 1 222,61 МВт күн электр станциясының 46 нысаны;
- қуаттылығы 269,605 МВт 39 су электр станциясы;
- қуаттылығы 1,77 МВт биогаз электр станциясының 3 нысаны.
2023 жылдың қорытындысында, жалпы қуаты 495,57 МВт болатын 16 ЖЭК нысаны іске қосылды: Ақмола облысы мен Жетісу облысындағы жалпы қуаты 437,1 МВт болатын 12 жел электр станциясы, Алматы және Түркістан облыстарында жалпы қуаты 3,7 МВт-қа жететін 2 су электр станциясы және Түркістан облысында қуаттылығы 54,77 МВт-ты құрайтын 2 күн электр станциясы.
2027 жылға дейін қуаттылығы 599,85 МВт болатын 25 ЖЭК нысанын пайдалануға беру жоспарлануда.
Алайда күн электр станцияларынан әлем елдерінің көңілі қала бастағаны байқалады. Мысалы, Еуропада бірінші болып Германия бүлінген күн панелдерінің алып қоқыс полигонына айналып барады.
Бұл туралы Халықаралық энергетика агенттігінің PVPS (фотоэлектрлі жүйелер) бағдарламасы жөніндегі жаңа есебінде айтылған.
Құжатта жазылғандай, ЖЭК-ті дамытуға қарқынды ден қойған Еуропа елдері үшін есептен шығарылған күн панелдерін жинап, қайта өңдеу күн тәртібінде «күйіп» тұрған көкейкесті проблема саналады.
Неміс елі кезінде бірінші болып, күн панелдерін белсенді пайдалануға кірісті. Енді оларды жаппай утилизациялау тұйығына да бірінші болып тіреледі. 2030 жылға қарай күн энергетикасы қалдықтарының көлемі 1 миллион тоннаға жетеді. Территориясы жөнінен дүниежүзінде тек 62-ші орын алатын Германия үшін бұл – алапат ауқым.
«Қытай, АҚШ, Жапония, Үндістаннан кейін Германия фотоэлектрлі жүйелердің орнатылған қуаттылығы жөнінен жетекші елдер қатарына кіреді. Фраунгофер күн энергетикасы жүйесі институтының (ISE) бағалауынша, 2020 жылы Германиядағы күн панелдерінің жалпы қуаты шамамен 67 ГВт-қа жетті. Бұған қоса, 2023 жылы Германияда жаңғыратын қуат көздері туралы заң жаңартылғалы, фотоэлектрлі жүйелердің өндірісін арттырудың нысаналы көрсеткіштері айтарлықтай ұлғайтылды. Нәтижесінде, олардың жиынтықты орнатылған қуаты 2030 жылы 215 ГВт-қа, 2040 жылы – ғаламат 400 ГВт-қа жетуге тиіс», – деп жазады өз есебінде агенттік сарапшылары.
Тиісінше, олардың қалдықтары жүз есеге дейін көбеюі мүмкін. Яғни, олардан тау тұрғызуға болады.
Жан-жағынан мұхиттармен қамалған Австралия да ұқсас қиындыққа тап болды. Халықаралық энергетика агенттігінің болжамынша, 2030 жылға қарай бұл континент-елде жыл сайын жарамсыз күн панелдерінен құралған 100 мың тонна қалдық туындап тұрмақ.
Тығырықтан шығу үшін Германия есептен шығарылған күн панелдерін қайта өңдеп, кәдеге жарататын зауыттарды іске қосуға тырысуда. Халықаралық агенттік елді қоқыстан арылтуға олардың күші жетпейтінін қосты.
ХЭА сарапшыларының айтуынша, утилизациялайтын зауыттар санын бірнеше есе көбейтумен бірге, мемлекеттер салаға қажетті мамандарды даярлауға, персоналды арнайы оқытудан өткізуге, сондай-ақ қалдықтарды басқару және күн панелдерін жинау саласын реттеуге, ашықтықты қамтамасыз етуге мән беруге тиіс.
Әйтпесе, қалдықтарды сұрыптайтын орталықтардың мамандары бұл өнімді не істеуге болатынын түсіне бермейді. Мысалы, есептен шығарылған күн панелдерін, батареяларын соған маманданбаған бастапқы өңдеу объектілеріне тықпалау оқиғалары дау-жанжалға тамыздық бола бастады.
Өйткені Еуропадағы көптеген бастапқы өңдеу кәсіпорны кремнийден жасалған күн панелдерін ғана кәдеге жарата алады: оларға «панелдің бәрі бірдей» деп, басқа шикізаттан жасалған күн панелдері мен модульдерін жеткізу фактілері белең алды. Бұларды бастапқы емес, қайталама өңдеу кәсіпорындары ғана кәдеге жарата алады.
Мамандардың айтуынша, күн энергетикасы қалдықтарын жинау жүйесі «өте күрделі». Мұның бәрі қалдық жинаумен айналысатын компанияларды шығынға отырғызады, әкімшілік ресурстарын шектен тыс жұмсауға мәжбүрлейді.
Сондықтан агенттік мемлекеттерге істен шыққан күн панелдерін, батареяларын, модульдерін сұрыптайтын, жеткізетін компанияларға қосымша жеңілдіктер мен преференциялар беруді ұсынды.
Күн электр станцияларын салуда алға озып кеткен Түркістан облысы дәл осындай проблемаларға тап болары даусыз. Сондықтан тұйықтан шығудың, шақырайған күнмен жалтыраған қоқыстың астында қалмаудың амалын облыс қазірден ойласа артық болмас. Мәселен, өңір өз аумағында күн энергетикасы қалдықтарын бастапқы және қайталама өңдейтін, одан құнды құрауыштарын бөліп ала алатын кәсіпорын ашса, орынды.
Халықаралық ұйым Қытайдың жаһандық нарықты (соның ішінде Қазақстанды да) арзанқол күн панелдерінің астында қалдырғанын қаперге салды. Олар ұзаққа шыдамай, шытырлай сынып, жарылып кетеді. Содан оны тұтынатын мемлекеттер жарамай қалған өнімдерді қайда жіберерін білмей жатыр.
Financial Times жазуынша, қытайдың нарықтарды арзанқол өнімімен молықтырғаны сонша, кейбір елдер, мәселен, Германия, Нидерланды жаңа күн панелдерін дуал-қоршау ретінде қоя бастады.
Жаңа тренд туралы америкалық басылымға BNP Paribas Exane климаттық зерттеулер бөлімінің басшысы Мартин Бро әңгімеледі. Өзге дәстүрлі материалдар орнына күн панелдері қолданылған дуалдар сондай-ақ Ұлыбритания, Солтүстік Америка, Австралияда танымал бола бастады.
Биылғы жыл соңына қарай күн панелдерінің әлемдік жеткізілімінің көлемі 1100 гигаватт қуаттылықтан асады. Бұл әлемнің сұранысынан үш есе артық. Нәтижесінде, спот-нарықта бұл өнімнің бағасы 2023 жылы екі есе арзандады. 2028 жылға қарай құны тағы 40%-ға құлдырайды деп күтілуде.
Дүниежүзіндегі барлық күн панелдерінің 80%-ын Қытай шығарады. Ханзу елі олардың өндірісінің көрігін әрі қарай қыздыруда. Бұдан тағы не жасауға болатыны туралы өнертапқыштар ойлана жүрсе, құп.