Тимур ЖАНТИКИН: Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін оны жаңғыртып отыруымыз керек

0
2200

АЭС тақырыбына қатысты бүгінде мамандар түрлі пікір айтуда. Олардың арасынан тиімді тұстарын тізбектеп беріп жатқандары да, даттап жатқандары да аз емес. Алайда халық арасында бейресми алып-қашпа әңгімелерге сенетіндер де бар. Бірақ «ҚАЭС» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин «тек білікті мамандардың ғана сөзіну сену керек» дейді. Бұл туралы толығырақ сұхбатымыздан оқып біле аласыз:

– Тимур мырза, АЭС-ке қатысты соңғы жаңалықтар қандай? Өткен жолы қарсы тараптан петиция жарияланған болатын. Бұл АЭС құрылысының жоспарына әсер етпей ме? Сіздердің реакцияларыңыз қандай болды?

– АЭС құрылысының салынуында өзіндік алгоритм бар. Әуелі халықтық тыңдалым болады, содан соң техникалық экономикалық негіздемеге қатысты арнайы құжаттар ережесіне сай жүзеге асады. Яғни, аталған алгоритмде бірінші кезекте халық пікірі тұр. Бұдан АЭС-тің халық пікіріне сүйенген, халықтың ойын назарға алған объект екенін аңғаруымызға болады.

Соңғы өзгерістерге қарасақ Франция мамандарымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын байқаған едік. Елдегі АЭС құрылысын қай елге тапсыратын болдық? Бұл шешілді ме?

– Бізде 4 елдің реакторлары қарастырылып отыр. Оны баршаңыз білесіздер. Бастапқыда алты ұсыныс болады. Соның ішінен нарықтағы жақсы деген 4 жобаны таңдап алдық. Бұл қауіпсіздік деңгейі жоғары 3, 3+ реакторлары. Алайда Франция деп бекітілді деп нақты айтуға әлі де ерте. Қазіргі таңда әр үміткер елде 25% -дан болжамды деген жоспар тұр десек болады.

 Осы уақытқа дейін аталған тақырыпқа қатысты бірнеше мамандармен сұхбаттар жүргіздік. Көбі саяси жағдайларды негізге алып Росатомды қолдамайтындарын айтты. Сіздің пікіріңізше саяси жағдай Ресей реакторларын таңдауымызға әсер ете ме?

Жеке өзімде Ресейге қатысты болжамды қауіпті ойлар жоқ. Біз қазір түрлі нұсқаларды қарастырып жатырмыз. Әрине, арнайы критерийлер, талаптар бар. Осы дүниелерге сүйеніп қана жобаларды бағалау үстіндеміз. Сондықтан әзірге бір елге қатысты үзілді-кесілді нақты пікір айту мүмкін емес. Францияның да, Қытайдың да, Ресейдің де, Кореяның да мүмкіндігі бірдей. Себебі, әрқайсысының өзінше артықшылықтары және кемшін тұстары бар.

Халықтың ойынша Ресеймен серіктес болсақ ертеңгі күні саяси жағдай шиелінісіп кетсе, АЭС олардың бір қарулы құралына айналып кетуі мүмкін дейді. Бұл қаншалықты рас?

Бұл мүмкін емес нәрсе. Мемлекетке қатысты еш байланыс жоқ. Дәл сол секілді Корея болмасын, Қытай болмасын серіктес болса, АЭС-ты жарып жібереді дегенге сену қиын. Себебі оның иесі өзіміз боламыз. Әрине, қазір орын алып жатқан саяси жайттарға қатысты Ресейдің ұсынысына жіті қарауға мәжбүрміз. Алайда, атом станциясы 10 жыл салынады. Бұл уақыт аралығында не болатын белгісіз. Оның жұмыс жасау уақыты да бір ғасырға татиды. Яғни, станция құрылысын бастамас бұрын 100 жылдық болашағымызды ойлауымыз қажет. Бүгінгі жағдайға қарап шешім шығаруға болмайды. Ертеңгі күн не боларын білмейміз. Бәлкім саяси жағдай жақсарып қалар немесе ушығып кетуі де мүмкін. Нендей жағдай болмасын станцияны өзіміз басқаратынымызды ұмытпағанымыз жөн. Болжамды тәуекелдердің алдын алуға қатысты жоспарлар қарастырылуда. Оның ішінде техникалық, экономикалық сұрақтар да бар.

– Елімізде орын алған жағдайлардан хабардарсыз. Жаңаөзендіктер жұмыссыздық деп бас көтерген еді. Елімізде осы тақырыпқа қатысты тағы бір дүрбелең орын алып үлгерді. АЭС – үлкен объект. Сәйкесінше көп маман жұмылдыралатыны сөзсіз.  Атом станциясы жұмыссыздықпен күресте пайдасын береді деп ойлайсыз ба?

– Иә, АЭС үлкен жұмыс орны десек те болады. Мәселен, Түркияда салынып жатқан атом станциясының құрылыс кезеңінде 18 000 адам жұмыс істеп жатыр. Олар білікті құрылысшы мамандар екені анық. Жоба іске асар алдында кадр мамандарын дайындау кезеңі жүзеге асқаны да хақ. Яғни, айдаладан келген мамандар емес, жергілікті білікті мамандар тартылған. Сол сияқты бізде де жоба жүзеге асуын бастаса, кадр мамандарын дайындау бағдарламасы атқарылады. Олардың ішінде өзіміздің мамандардың қатары құрылыс кезеңінде көп болатыны сөзсіз. Яғни өз еліміздің азаматтары үшін жаңа жұмыс орындары пайда болатыны анық. Артынша, бағдарламалық жоспарға сәйкес келесі мамандар дайындалады. Бұл да қазақстандық мамандармен жүзеге асатын кезең. Біздің елде білікті мамандар жетеді. Тәжірибеміз де жетеді. Оның үстіне базалық білім беріп жатқан бірнеше ЖОО-лар да бар. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да,Ядролық физика институтында мамандар бар. Яғни бізде негізгі қажетті маманд-кадр лар бар. Ал даярлайтын ел біздің таңдауымызға тікелей байланысты. Оперативті мамандар арнайы дайындықтан және аттестациядан өтеді.

АЭС-те тек энергетик, атомшы, техник мамандар ғана жұмыс істей ме? Кімдерді жұмыспен қамтамасыз ете аламыз?

Аталған 18 000 адамның бәрі атомшылар емес. Бұл құрылысшылардың саны ғана. Яғни жұмсшылардың көбі құрылысшылар болып келеді. Оның ішінде дәнекерлеуші, механиктер, техниктер де бар. Құрылыс аяқталғаннан кейін әрине энергетик мамандар тартылатыны анық. Тіпті атомшы мамандар жұмысшылардың белгілі бір бөлшегін ғана қамтиды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент депутаттарын сайлау отырысында сөйлеген сөзінде, еліміздегі энергетика жүйесін жаңғырту қажет екенін айтты. АЭС энергетика саласын жандандыруға қаншалықты әсерін береді. Экономикамызға әкелетін пайдасы қандай?

– АЭС кәдімгі көмір станциясы секілді объект. Бірақ онда көмірдің орнына атом реакторы жұмыс істейді. Экологиялық тұрғыдан қарағанда әрине атом реакторы көмірге қарағанда әлдеқайда таза энергия көзі. Оның алғашқы жұмыстарын өткен ғасырымыздан бастап іске асырып келе жатыр. Сондықтан энергетика жүйесіне атом болсын, көмір болсын бірдей-ақ әсерін береді.

– Мамандардың пікірінше елімізде үш ғасырға жететін көмір қоры бар. Атом қымбатқа шығуы мүмкін дейді. Дәл осы қарқынмен көмір жағып отыра беретін болсақ не боламыз, ал атомға ауыссақ елде не өзгереді? Осы тұсын халыққа ашығынан түсіндіре кетсек.

– Еліміздегі атомға қатысты алғашқы жоба 90-жылдары жүзеге асты. Бізде бұған қатысты тәжірибе бар. Неге бұл нәрсе ілгері қойылып ұсынылып жатыр десеңіздер, энергия беруші дүниелердің бірі уран біздің елде қарқынды өндірілетінін білесіздер. Дүниежүзі бойынша екінші орындамыз. Табиғаттан берілген мүмкіндікті неге пайдаланбасқа? Осы үшін де атом станциясының жобасы ұсынылған болатын. Көмір станцияларымен салыстыратын болсақ, онда бір күннің өзінде 60 вагон көмір жағылады екен. Ал атом станцияларында бір вагон атом екі жылдық жұмысқа жарап береді. Яғни айырмашылық жер мен көктей екенін аңғаруға болады. Бұл – бір. Екіншіден, атом энергетикасы жасыл энергия. Себебі оның қалдықтары жоқ. Бұл тұрғыдан көмір станциялары ұтылатыны рас. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін оны жаңғыртып отыруымыз керек. Өздеріңіз білетіндей уран экспорты бойынша өзге елдерді қамтамасыз етіп жатқанымыз да мәлім. Біздің ниет – көршілес елдерге өндіріп жатқан уранымызды өз пайдамызға жаратсақ деген ой.

Сұхбатыңызға рахмет!

Дина ЛИТПИН


ПІКІР ЖАЗУ