Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапарымен келді
Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке жұмыс сапарымен келді, деп жазады «Адырна» ұлттық порталы. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы 19 қыркүйекте JPMorgan Chase & Co, Citi, Goldman Sachs, NASDAQ секілді жаһандық қаржы институттарының басшыларымен кездесу өткізеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Boeing, ExxonMobil, General Electrics, Wabtec, Microsoft сияқты трансұлттық компаниялардың жетекшілерімен, сондай-ақ сарапшылар тобының өкілдерімен кездеседі.
«20 қыркүйекте Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының Жалпы дебатында сөз сөйлейді», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, БҰҰ Бас хатшысымен, Еуропалық Одақ басшылығымен және бірқатар мемлекет басшыларымен олардың өтініші бойынша кездесулер өткізу жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық саммитке де қатысады.