Тоқаевтың сигналдары: Корпоративті басқаруда тәртіп орнай ма?

0
126

 

2010-2019 жылдар аралығында ұлттық компанияларда жұмысшы емес басшы саны көбейіп кетті. Тіпті бір эксперт, бас маманның үстінен бес басшы қарап отырған кездер болды.

Сол әр бес басшыға мемлекет кем дегенде айлықтан бөлек тоқсан сайын миллионнан асатын премиялар төлеп отырды. Барлық жұмысты істейтін бас маман тек азғантай айлықты місе тұтып келді, себебі ол сөгістен көз ашпайтындықтан тіпті премия алмайтын еді.

Алысқа бармай-ақ, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында “Неге”сайтының жазуы бойынша басшылардың алатын табысы 2023 жылы үш есеге көбейген, ал қарапайым жұмысшының айлығы тек 20 пайызға өскен.

Сонда барлық игілікті басшылар көріп келген және одан мемлекетке ешқандай пайда болған жоқ.

2019 жылы алғашқы сигнал – Мемлекет басшысы жолдауында берілді. Президент трансформацияны алдымен, квазимемлекеттік сектордағы керексіз кадр санын азайтудан бастаған болатын.

«Квазимемлекеттік сектордың штатын қысқарту үшін бәсекелес нарықта жұмыс істеп жатқан мемлекеттік кәсіпорындарды экономикалық тұрғыда тартуды төмендету үшін жұмыс жүргізуі керек. Бұл мемлекеттік кәсіпорындардағы рұқсат етілген жарғылық негізгі қызметтерді қысқарту арқылы іске асырылуы тиіс. Үкімет мемлекеттік кәсіпорындардағы 100-ден астам қызметті қысқарту ұсынылды. Бұл – бүгінгі қазіргі тізімнің 30% жуығы. Бұл бағытта жұмысты жалғастыру керек деп есептеймін. Яғни, тізімді бұдан да көбірек қысқарту керек», – деген еді Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында.

Яғни, квазисектордағы қызметкерлер санын қысқарту және ұлттық компаниялардың ішкі-сыртқы шығынын үнемдеу арқылы бюджеттің шығыс бөлігін азайту көзделді.

Әсіресе, Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының пайдасынан зияны көп екенін ескертіп, қорға ауқымды реформа қажет екенін айтқан болатын. Қор басшылығына бір ай уақыт беріп, шаруаны тындыра алмаса, қызметінен кетіп қана қоймай, ұлттық компания да жұмысын тоқтататынын кесіп ескерткен еді.

Президент тапсырмасынан кейін бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру негіздері қысқартылды, отандық тауар өндірушілер мен ШОБ субъектілерін қолдаудың жаңа шаралары енгізілді. Кадр саясаты толығымен реформаланды. Бұл ретте, басқарушы құрам 10-нан 5-ке дейін, әкімшілік блок 248 адамнан 124-ке дейін қысқарды. Қордың еншілес мекемелерінде сатып алулар бойынша осы салаға жауапты 55 басшы жұмысынан босатылды.

Президенттің «ҚазАгро» холдингін сынға алып, компанияның шығыны 120 миллиард теңгеге жеткенін айтқаны да есте. Бір жыл өткеннен кейін Президент «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктіруді тапсырды. Нәтижесінде компания портфелі мен қызметкерлер құрамы екі есе қысқарды. Айта кетерлігі екі қаржы институттары бірігіп қана қоймай, аталған ұйымдардың жұмысын ұйымдастыру да қайта сүзгіден өтті. Олар жекелеген жобаларды таңдап қаржыландырумен шектелмей, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық дамыту үшін жүйе құруға бағытталды.

Мысалы, былтыр ғана «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданғаны белгілі. Аталған заң квазимемлекеттік компанияларда қоғамдық кеңес құруға мүмкіндік береді. Компаниядағы маңызды шешімдерді қадағалау, ысырапшылықтың орын алмауын бақылауға қоғам өзі кіріспек. Реформалар нәтиже беру үшін олар тоқтамауы тиіс.

Айбар Олжаев, қаржыгер


ПІКІР ЖАЗУ