Заң мақұлданды: Ұлттық қордан 2 трлн теңге алынады
Сенаттың жалпы отырысында “Ұлттық қордан 2025 – 2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы” заң мақұлданды.
Құжат Бюджет кодексінің ережелері негізінде әзірленді. Кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджеттік қағидаларға сәйкес анықталды.
Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 АҚШ доллары, 2026-2027 жылдары барреліне 41–39,4 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген. Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды, – деді Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Ол жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд АҚШ долларын, 2026-2027 жылдары 69,9 – 78,7 млрд АҚШ долларын құрайтынын атады.
Заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді министр.