«Жедел жәрдем шақырған жерге кеш жетеді»: Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы түсінік берді

0
70

Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы әлеуметтік желіде жедел жәрдем көліктерін сынаған видеоға қатысты пікір білдірді.

Әлеуметтік желіде тарған видеодан бұзылып, жүрмей тұрған жедел жәрдем көліктерін көруге болады. «Талғар ауданында неге жедел жәрдем шақырған жерге кеш жетеді? Өйткені 21 көліктің тек 5-уі ғана қызмет көрсетеді, басқалары бұзылып тұр», – деп жазды желі қолданушы.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, «Облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясы» ШЖҚ МКК санитарлық автомашиналарын жөндеуге ашық конкурс тәсілімен хабарландыруды 20 ақпанда берді.

«Конкурс қорытындысы шығарылғаннан кейін хабарландыру порталда 10 жұмыс күні ішінде қаралады. Осы кезеңде қатысушылардан шағым түсіп, олардың арасында дау туындады. 23 сәуірде қатысушылардың шағымдарын мемлекеттік аудитпен қарау мерзімі аяқталды. Мемлекеттік аудит жауап бергеннен кейін хабарландыру 5 жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алудың электрондық порталындағы сапаны бақылау бөлімінде қаралады»,- деп түсіндірді басқармадан.

Ведомстводан атап өткендей, жедел жәрдем автокөліктерін жөндеу шарты жеткізушімен 2 мамырда жасалды.

«Бүгінгі таңда санитарлық автокөліктердің 40% – ын жөндеу қажет. Жөндеу жұмыстары шамамен екі аптада аяқталады. Қазіргі уақытта 100 жедел медициналық көмек машинасы облыс тұрғындарға қызмет көрсетеді»,- деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.

Осы жылдың төрт айында жедел медициналық жәрдем станциясына 219013 шақырту түсті.


ПІКІР ЖАЗУ