Желіні шулатқан «рэпер апаның» кім екені белгілі болды
TikTok желісінде Gangsta’s Paradise рэпін орындаған әйел кісінің видеосы қызу талқыға түсіп, бір күнде 4 миллионға жуық қаралым жинады.
Желіні жарған «рэпер апа» – Алматы облысы Қаскелең ауданы Жетісу ауылының тумасы Мейрамкүл Ходжашова. Алғашқы мамандығы бойынша ағылшын және француз тілдерінің мұғалімі және екі жыл АҚШ-тың Джорджия университетінде магистратураны тәмамдаған. Ал негізінен 17 жыл ғұмырын қоғаммен байланыс саласына (PR менеджер) арнаған жан.
Музыкалық білімім жоқ. Бұл менің хоббиім. Рэпті мен 50 жастан кейін айтып көре бастадым. Барлық әндерді орындай бермеймін, мағынасына қараймын, кейде әуені тым қатты ұнаса, мағынасына мән бермеймін, – деді ол өзінің өнері жайлы.
Желіде хит болған видеода ол туысқанының тойында қонақ ретінде өнер көрсеткен.
Осы өткен жексенбі күні (29 қыркүйек) бөлемнің кенже баласы үйлі болып, соның тойына бардым. Өзім салған видеолар бұндай резонанс тудырмайды. Неге екенін білмедім. Тек бір видео 1,5 миллион көрілім жинады. Ол – Қайрат Нұртаспен әннің қайырмасын қосылып айтқан видео. Ал кешегі видео мұндай үлкен талқыға түседі деп ойламадым. Себебі бұның алдында екі-үш рет осындай видеолар тараған еді, – деді Мейрамкүл Ходжашова.
Ол өзінің сүйікті рэпері Эминемнің концертін көру үшін Дубайға жол тартатынын айтты.