Жетісу облысындағы жағдай: тасжолдардың сапасы сын көтере ме?

0
93

Жетісу облысының құрылғанына екі жылдан аса уақыт болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ құрылғаннан кейінгі ресми іссапарында жол-көлік инфрақұрылымы мәселесін ерекше қозғап, облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа нақты тапсырмалар жүктеген. Politico.kz тілшісі Президент тапсырмасы бойынша салынып жатқан тасжолдардың сапасына шолу жасап шықты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысындағы жол мәселесіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша,  «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тас жолдары салынып жатыр. Құзырлы органдарға жұмыс барысын қатаң бақылауға алып, келесі жылы толық пайдалануға беру тапсырылды.

«Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық жүре жолды жөндеу мәселесі де өзекті болып тұр. Бұл – өте маңызды жол. Сондықтан, Үкімет пен Әкімдікке ондағы күрделі жөндеу жұмысын келесі жылы аяқтауды тапсырамын.  Қажетті қаражатты шұғыл қарастыру керек. Жолды сапасыз салуға болмайды және құрылыс созылып кетпеуге тиіс. Бұл жергілікті жұрттың тұрмысы мен көлік қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Облыстағы республикалық маңызы бар күре жолдарда болған жол апаттарынан 9 айда 61 адам қайтыс болды. Бұл – жан түршігерлік көрсеткіш. Елімізде жол апаттары, оның ішінде адам өліміне әкеп соқтырған оқиғалар көбейіп барады. Бұған еш жол беруге болмайды. Адам өліміне әкеп соқтырған әрбір жол апатын төтенше жағдай ретінде қарастыру қажет. Адам өмірі – біздің басты байлығымыз», – деді Президент.

БАҚ беттеріндегі мәліметтерге жүгінсек, Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы сын көтермейтін жағдайда жүзеге асып жатқандай. Биыл мамыр айында Жетісу облысының Кербұлақ ауданындағы Қоянкөз ауылының тұрғындары жол жөндеп жатқан мердігерді жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті. Ауыл тұрғындарының наразылығына жөндеу сапасының нашарлығы себеп болды. Жергілікті тұрғындар салынған асфальттың бір шетін қолымен үзіп алып көрсетті.

«Жол жұмысшылары тиісті технологияны ұстанбайды: олар жаңа асфальтты тікелей қиыршық тасқа төсеп жатыр. Ал негізінде алдымен жолды битуммен толтыруы керек еді. Бұл дұрыс емес, сондықтан біз оларға мұндай жұмысты жалғастыруға жол бермейміз», – деді ауыл тұрғындары.

Сонымен 2023 жылы бітуі тиіс тасжол әлі күнге дейін толықтай аяқталған жоқ. Өткен аптада «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» тасжолының бірінші участогы ғана салынғаны туралы ақпарат жарияланды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы тиісті деңгейде орындалмай, республикалық маңызды жолдар сапасыз орындалса, адам өміріне үлкен қауіп төніп төнетіні анық. «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» тасжолымен бір күнде 7 мың көлік қатынайды. 2022 жылдың небәрі 9 айында 61 адам сол тасжолда көз жұмғанын кезекті рет айта кетейік…

Автор: Елтай А.


ПІКІР ЖАЗУ