Франция мен Италия Украинаға қару жарақ сатып алуға арналған 5 миллиард еуроны бөлуге қарсы шықты

Франция мен Италия Украинаға қару жарақ сатып алуға арналған 5 миллиард еуроны бөлуге қарсы шықты
21.03.2025 11:22
0
786
KEYSTONE/AP/Aurelien Morissard
Еуропа Украинаға әскери көмекті бөлуде бірлікке келе алмай отыр

Франция мен Италия Еуроодақтың Украина үшін 5 миллиард еуро бөлу ұсынысын тоқтатты. Бұл қаржы 2025 жылы Украинаға арналған 2 миллион артиллериялық снаряд сатып алуға жұмсалуы тиіс еді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.

Еуроодақ елдері Кая Каллас бастаған бастама аясында Украинаға әскери қолдау көрсету үшін 5 миллиард еуро бөлу туралы ұсынысты талқылаған. Алайда, Рим мен Париж бұл шешімді кешеуілдетіп отыр. Bloomberg мәліметінше, Франция мен Италия шешім қабылдауға асығар емес, ал Венгрия бастамаға мүлдем қарсы шыққан.

Кая Каллас бұл туралы: «Бүкіл жылға шешім қабылдай алмасақ, қысқа мерзімге қабылдайық» – деп мәлімдеді. Ол бұған дейін Украинаға 20-40 миллиард еуро көлемінде әскери көмек ұсынған еді. Бірақ ұсыныс 5 миллиардқа дейін қысқарды. Агенттік дерегі бойынша, Украина 2024 жылы 20 млрд еуро, ал 2022 жылдан бері барлығы 50 млрд еуро алған.

Италия тарапы нақты қаржылық және техникалық мәліметтерді анықтауды талап етіп отыр. Еуроодақтағы 27 елдің басым көпшілігі бұл ұсынысты қолдаса, Венгрия оған қарсы дауыс берді.

Сондай-ақ Еуроодақ көшбасшылары бүгін Украинаға әскери-саяси қолдауды жалғастыруды көздейтін қорытынды құжатты бекітті. Құжатта Еуропа елдері Украинаға қажетті әскери және қорғаныс қажеттіліктерін шұғыл түрде қамтамасыз етуге тиіс екені айтылған. Алайда Венгрия бұл бөлімді қолдамады.

Айта кетейік, наурыз айының басында Еурокомиссия одақты милитаризациялау жоспарын бекіткен еді. 800 млрд еуро көлеміндегі бұл жоба аясында қорғаныс саласына 150 млрд еуро несие қарастырылған. Қалған 650 млрд еуроны одақтың өз елдері инвестиция арқылы жинауы тиіс.

Осыған байланысты Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Еуропаны «соғыс партиясына» айналды деп сынға алды. Оның сөзінше, бұл қадам Мәскеу мен Вашингтонның бейбіт келіссөз жүргізу ниетіне мүлдем қарама-қайшы.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий