Желіде шу тудырған таксист анықталды: қыздарға тиіскен жүргізуші кім

2024 жылдың желтоқсанында әлеуметтік желіде Астана – Қарағанды бағытындағы сапар кезінде сұр түсті Toyota Camry көлігінде болған қайғылы жағдай қызу талқыланған болатын. Жолаушы қыз жүргізушінің алымсақтық әрекеттеріне тап болғанын айтып, басынан өткен жайтты ашық жазған, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Бастапқыда көпшілік бұл оқиғаны жеке жағдай деп қабылдағанымен, көп ұзамай ондаған қыз ұқсас оқиғаға тап болғанын мәлімдеді. Пікірлер мен хаттар арқылы жиналған ақпарат бір ғана адам туралы екенін дәлелдей түсті - көліктің түсі, моделі мен жүргізушінің әрекет үлгісі толық сәйкес келген.
Таксист қыздарды алдымен артқы орын бос емес деп алдап, алдыңғы орынға отырғызған. Кейіннен оларға тиісе бастаған. Қыздар қарсылық танытқанда, жүргізуші есіктерді іштен құлыптап, шығуға мүмкіндік бермеген.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл жайтқа полиция араласып, тергеу басталды. Қыздардың бірі арыз түсіргеннен кейін тағы 17 адам құқық қорғау органдарына жүгінгені белгілі болды.
Жаңа адамдар редакциясы жүргізген журналистік зерттеудің нәтижесінде күдіктінің аты-жөні анықталды. Ол — 1988 жылы туған Данияр Көмекбаев. Алайда ол өз кінәсін мойындап, кешірім сұраудың орнына, жәбірленушілерге қоңырау шалып, істі «жабуға» тырысқан. Көмекбаев олардан полицияға «ештеңе болған жоқ» деп айтуын өтінген, тіпті кездесуге шақырып, қысым көрсетуге дейін барған.
Жаңа адамдар қоғамға үндеу тастады:
«Таксидегі алымсақтық — бұл жай ғана ыңғайсыз жағдай емес, бұл — қылмыс. Мұндай әрекеттің жалғыз қорқынышы — жариялылық. Егер сіз де осындай жағдайға тап болсаңыз, үнсіз қалмаңыз. Полицияға хабарласыңыз, оқиғаңызды бөлісіңіз. Қоғам үнсіздікпен емес, әділетпен алға басады.»
Соңғы жаңалықтар





