«21 жыл бұрын әйелім бақилық болды». Тоқаевтан марапат алған ұстаз жан сырын ақтарды

0
439

Желіде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» медалін алған мұғалімнің эмоцияға ерік берген сәтінен видео тарады.

58 жастағы ұстаз Абибулла Жакудаев Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында сабақ береді. Ұстаз nur.kz тілшісіне сұхбат беріп, өміріндегі қиындықтары мен қуаныштарын бөліскен.

21 жыл бұрын өмірлік серігімнен айырылдым. Сөйтіп жәутеңдеп қалған екі қызымды бір өзім жетімсіретпей өсірдім. Үйімдегі әйелдің де, еркектің де тірлігін істеп, екінші рет үйленгем жоқ. Артынан ата-анам да бақилық болды. Әпкем мен қарындасым да жолдастарынан айрылды. Сөйтіп оларға да арқасүйер болдым. Үйдің үлкені болған соң, қара шаңырақтағы ініме де қарайласып тұрдым. Көрген осыншама қиыншылықтың бәрі президенттен марапат алар күні, одан кейін де шер болып сыртқа шықты ғой деймін, – дейді Абибулла Жакудаев.

Ордабасылық ұстаздың өмірде көрген сынағы аз емес. 1983 жылы мектепті үздік аяқтаған ол Алматыдағы Абылайхан атындағы шет тілдері институтына грантқа түседі. Бірақ сол кездегі белең алған бұзақылықты естіген әкесі ұлын ауылына қайтарып алады. Сөйтіп сырттай бөлімге еріксіз ауысқан азамат ізденісті тоқтатпадым дейді.

Ауылдағы мұғалімдердің мазасын алатынмын. Ағылшын тілін жетік үйретсін деп үйлеріне баратынмын. Мектепке сол 1983 жылы-ақ жұмысқа кірдім. Алғашқы үш жыл мен үшін оңай болған жоқ. Әдістемені білмеймін, балаға сабақ өтуге қорқамын. Жиған-тергенімді білім алуға жұмсадым. Қаладағы семинар, курстың ешқайсысынан қалмайтынмын. Содан бері қырық жыл өтіпті. Осы уақытқа дейін оқушыларыммен барған байқаулардың саны 500-ден асады, – дейді ұстаз.

Кілтсөздер:Тоқаевұстаз


ПІКІР ЖАЗУ