Қазақстан мен Ресейдің бизнес субъектілерінің құны $26,5 млрд – Олжас Бектенов

0
62

 

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің шақыруымен Мәскеуге жұмыс сапарымен барды.

Бұл туралы Премьер-Министрдің сайты жазды.

Келіссөздер барысында үкіметтер басшылары ағымдағы сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин арасында жасалған уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.

Тараптар сауда және инвестиция, өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, ауыл шаруашылығы, азаматтық авиация, сондай-ақ транзиттік-көлік салаларындағы бірлескен іс-қимылдарды айқындады. Сонымен қатар мәдени-ағарту саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Олжас Бектенов өнеркәсіп кооперациясын нығайту және сауда-саттықтағы өзара іс-қимылын дамытудың оң қарқынын атап өтті.

Қазіргі таңда екі елдің бизнес субъектілері құны $26,5 млрд болатын 135 жобаны іске асыруда.

Сонымен қатар экономиканың негізгі салаларында, атап айтқанда, машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібінде жалпы құны $14 млрд-ты құрайтын қосымша 67 бірлескен жоба пысықталуда.
Бірлескен күш-жігердің арқасында 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ.

«Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар және мәдени ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша жемісті дамып келеді. Маңызды бағыт – өнеркәсіп кооперациясы.

Ол қазірдің өзінде өзара табысты екіжақты іс-қимылдың нақты көрінісіне айналып отыр. Екі ел үкіметтері елдеріміздің көшбасшылары қол жеткізген барлық уағдаластықтарды іске асыру үшін бар күш-жігерін салады», — деді Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов.

ҚР Үкіметінің басшысы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстарын жеделдету және үйлестіру қажеттігін атап өтті.

Кезеңді жұмыс шеңберінде 2027 жылдың соңына дейін жұмыс көлемін ескере отырып айқындалған 30 өткізу бекетінің 29-ы күрделі жөндеуден өтеді.

Аталған шаралар транзитті жеңілдетуге және жалпы шекара бойында өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәлізінің әлеуетін кеңейтуге, «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» теміржол учаскесін қарқынды пайдалана отырып, көлік артериясын дамытуға баса назар аударылды.

Сонымен қатар қазақстандық тарап ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық бере отырып, АӨК саласындағы ынтымақтастықты жандандырудың перспективті бағыттарын атап өтті.


ПІКІР ЖАЗУ