Алматының бір ауданындағы инженерлік желілерді жаңартуға 7 млрд теңге жұмсалады
Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінде мегаполис бюджетінде ауданның инженерлік желілерін жаңартуға шамамен 7 миллиард теңге қарастырылғанын айтты.
«Осы жылы Алматының Бостандық ауданында жалпы ұзындығы 7,5 шақырымды құрайтын инженерлік желілерді 7 миллиард теңгеге қайта жаңғырту жоспарлануда. Оның ішінде 500 метр кәріз желілері, 5,3 шақырым жылу желілері, сондай-ақ 1,7 шақырым жер асты орта қысымды газ құбыры бар», – деді Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесу барысында.
Қалалық әкімдік басшысы ауданда тағы қандай жұмыстар атқарылғанын да атап өтті.
«Алмагүл», «Орбита» және «Қазақфильм» шағын аудандарының тұрғындарын электрмен тұрақты қамтамасыз ету үшін өткен жылдың тамыз айында 200 мың тұрғынды қамтыған «Алмагүл» қосалқы стансасы іске қосылды. Сондай-ақ «АЖК» АҚ инвестициялық жобалары аясында 6,7 шақырым әуе электр желілеріне, 38 шақырым кабельдік электр желілеріне, 17 трансформаторлық қосалқы стансаға және үш тарату пунктіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді», – деді Досаев.
«2024 жылы жергілікті бюджет есебінен «Ремизовка» және «Ерменсай» шағын аудандарында 16 шақырым электр желілерін қайта жаңғырту жоспарлануда», – деді Досаев.
Сонымен қатар осы жылдың қыркүйек айына дейін Есқараев көшесінің бойындағы 660 метр жылу желілерін қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр.
Әкім 2023 жылы қайта жаңғыртудан кейін «Южная» қазандығы іске қосылғанын еске салып, оның өнімділігі 41%-ға 190 Гкал/сағатқа дейін көтерілгенін айтты. Ал Есқараев көшесі мен Гагарин даңғылы бойында «Орбита» қазандығына қосылатын 900 метр жылу желілері қайта жаңғыртылды.
«Дамыған инженерлік инфрақұрылым қаланың даму қарқынын айқындайды. Тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін салу және жаңарту жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді», – деді Досаев.