ҚМГ және SOCAR мұнай тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады

0
48

9 наурызда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Баку қаласына сапары барысында Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясының (SOCAR) президенті Ровшан Наджафпен кездесті.

Тараптар Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы тасымалданатын Қазақстан мұнайының көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуды және Қазақстан мұнайын Баку-Супса құбыры арқылы тасымалдау мәселелерін талқылады.

«SOCAR компаниясы «ҚазМұнайГаздың» маңызды стратегиялық серіктесі. Қазақстан мұнайы транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту арқылы өзара тиімді ынтымақтастықтың дамуына жаңа серпін берілетініне сенімдімін», — деді М.Мырзағалиев.

Айта кетсек, «ҚазМұнайГаз» және SOCAR арасында 1,5 млн тонна Қазақстан мұнайын Әзербайжан аумағы арқылы тасымалдауға қатысты қол қойылған келісім аясында Қазақстан мұнайы былтырдан бері Ақтау – Баку – Джейхан бағыты бойынша тұрақты тасымалданып келеді.

Ақтау портынан 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1 057 мың тонна, ал 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында 232 мың тонна мұнай жөнелтілді.


ПІКІР ЖАЗУ