Ұлттық банк биыл қазақстандықтарды ауыр жыл күтіп тұрғанын ескертті

0
69

Қазақстанның қазіргі даму бағдарламасы базалық даму сценарийіне құрылған. Ол 2025 жылдың соңына дейін Brent маркалы мұнайдың бір бөшке-баррелінің бағасы 80 доллар деңгейінде болатынын, әрі қарай 2026 жылы 75 долларға дейін біртіндеп төмендеуін қарастырады.

Алайда «әп-әдемі әнді» шығыс көрші бүлдіріпті. Кейінгі жылдары Қытайда күйзеліс пен экономикалық кері кету басталды. Ханзу елінің жалпы ішкі өнімі 2021 жылы 8,4%-ға өссе, 2022 жылы небәрі 3% болды. 2023 жыл қорытындысында ЖІӨ өсімі 5,2%-ға әзер жетті.

ҚХР-дың экономикалық көрсеткіштерінің нашар болуы әлемде негізгі қуат тасығыштарға – мұнай-газға сұранысты төмендетті. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәліметінше, Қытайда сұраныстың төмендеуі салдарынан тұтынушылық бағалар арзандауда. 2024 жылғы қаңтарда жылдық мәнде тағы 0,8%-ға құлдырай түсті.

Мұны қарапайым қазақстандықтар да байқауы мүмкін: азық-түлік, коммуналдық қызметтер, ақылы қызметтер және басқасының күрт қымбаттауы аясында керісінше, көршіден тасылатын қытай тауарлары арзандады. Бұған «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қайта ашылуы да өз үлесін қосты. Нәтижесінде, ірі қалаларымызда атауында «Арзан» сөзі бар жаңа дүкендер желісі қаптап ашылуда.

Бірақ бұқара қуанғанымен, макроэкономикалық деңгейде Қытайдағы ахуал мұнайлы елдерге, соның ішінде Қазақстанға кесірін тигізуі мүмкін. Өйткені шығарылған тауарлардың арзан бағалануы ҚХР-да біраз өндірістердің дағдаруына, салық төлеушілер санының кемуіне, экономикасының кері кетуіне соқтырады.

Салдарынан, энергия көздеріне, соның ішінде мұнайға әлемдік сұраныс төмендеді. ХВҚ жаһандық нарықта Brent маркасының құны 60 долларға дейін құлайды деп болжады.

Сондықтан Ұлттық банк Қазақстанның экономикалық дамуының «пессимистік сценарийін» түзіп отыр. Бұған дейін оптимистік сценарий бойынша қара алтынның бағасы 100 долларға дейін көтеріледі деп тұспалданған еді.

Енді пессимистік сценарий бойынша қазақстандық мұнай бағасының 2024 жылы – 66,8-64,6 долларға, 2025 және 2026 жылдары 60 долларға дейін құлдырауы жоққа шығарылмайды.

2023 жылдың қорытындысында Қазақстан экономикасы 5,1%-ға өсті. Осыған орай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 7 ақпанда Бектеновтың жаңа Үкіметіне ЖІӨ-ні жыл сайын 6%-дан арттыруды тапсырды.

Тиісінше, Үкіметтің жаңартылған болжамына сәйкес, бұл межеге келесі жылы қол жеткізу жоспарланды: ЖІӨ 2024 жылы – 3,5-4,5%, 2025 жылы – 5,5-6,5% аралығын құрайды.

Ұлттық банк болса, президенттік тапсырма келесі жылы да орындалмауы мүмкін екенін ескертіп отыр.

«Оқиғалар пессимистік сценарий бойынша дамыған жағдайда, Қазақстанның экспорттық тауарларына, бірінші кезекте, мұнайына сұраныс базалық сценарийге қарағанда кеміп кетеді. Бұл фактор мұнайдың төмен бағасымен қосылып, отандық өндіруші салаларда іскерлік белсенділікті шектейді. Бұл өз кезегінде құрылыс, көлік, сауда сияқты жапсарлас салаларға, көрсетілетін қызметтерге және тұтастай алғанда экономикадағы инвестицияларға теріс әсер етеді. Салдарынан, халық табысының азаюына және тұтыну көлемінің төмендеуіне алып келедi. Осының бәрі жинала келе, ақырында ЖІӨ-нің өсу қарқыны 2024 жылы 3-4%, 2025 жылы – 5-6%, 2026 жылы – 3,5-4,5%-дан аспайды», – делінген Ұлттық банктің жаңа есебінде.

Соның кесірінен бағалардың құнсыздануы жеделдейтін түрі бар. Еліміздің монетарлық реттеушісінің жаңа болжамынша, 2024 жылы инфляция 8-10%-ды құрауы мүмкін. 2025 жыл да оңайға соқпайды: 8,5%-ға дейін жетпек. 2026 жылы 6,5%-ға дейін баруы ғажап емес.

Бұл жағдай әлемдегі ахуалға кереғар. Дүниежүзілік банктің дерегінше, қатаң монетарлық саясат, қуат тасығыштардың төмен бағасы, еңбек нарықтарындағы жағдайдың біршама жақсаруы аясында көптеген елде жаһандық инфляция қайта төмендеп барады.


ПІКІР ЖАЗУ