Қазақстан тағы бір салада Ресейге тәуелді болып қалуы мүмкін

0
50

Түрлі сарапшылар қуатты ыланойран қолданатын майнерлер жүгенделгелі, үлкен бөлігі өзге елдерге көшіп кеткелі Қазақстанда энергия тапшылығы проблемасы еңсерілгенін айтып жүр. Статистика мұны жоққа шығарады.

Осы орайда еліміздің басты энергетикалық компаниясының мамандары көңілсіз қорытындыға келіпті. «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың мәліметіне жүгінсек, 2023 жылы Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі алдыңғы 2022 жылғы деңгейде қалып, небары 112,82 миллиард кВт/сағатты құрады. Ал дәл осы кезде электр энергиясын тұтыну көлемі 115,06 миллиард кВт/сағаттан асты. Осылайша, 2022 жылмен салыстырғанда 1,9%-ға өсті. Биыл әрі қарай артуда.

Салдарынан, электр энергетикасы саласында Қазақстанның Ресейге тәуелділігі күшейе бастады.

«Яғни, 2023 жылы жүктеме өсті, сонымен бір мезгілде Қазақстанның электр станцияларының генерациясы төмендеді. Тұтыну мен генерацияның осы көрсеткіштері елде 1 519 МВт электр қуаты тапшылығына соқтырды, оны Ресей Федерациясынан алынған ағындармен қамтуға тура келді. Осы арқылы ғана рекордтық тұтыну жағдайында Қазақстанның ұлттық электр торабының (ҰЭТ) сенімді жұмысы қамтамасыз етілді», – деді KEGOC басшысы.

Нәби Айтжанов алда ахуал тек нашарлай береді деп отыр. 2024-2030 жылдарға арналған электр қуатының болжамды теңгерімі көрсеткендей, 2030 жылға қарай Қазақстанда электр қуатының тапшылығы алапат 6,2 гигаваттқа дейін ұлғаяды.

«Алдағы күзгі-қысқы кезеңге арналған болжамдық теңгерімдер – 2024 жылғы қазаннан 2025 жылғы наурызға дейінгі бүкіл аралықта электр энергиясы бойынша да, қуаттылық бойынша да дефицит қалыптасатынын паш етті. Станцияларымыз тек 16,4 ГВт қуатты генерациялайды, болжамды жүктеме 17,4 гигаваттан асады. Салдарынан, биылғы тапшылық шамамен 1,025 ГВт-қа жетеді. Оны да негізінен Ресей Федерациясынан импорттау көмегімен немесе Қазақстанның тұтынушыларын шектеу арқылы қамтуға болады», – деді Н.Айтжанов.

Оның айтуынша, әсіресе, еліміздің оңтүстігі энергия ең тапшы аймаққа айналды. Оңтүстік өңірдің қажеттіліктерін толық қамту, онда уақыт бойынша ағытып-қосып, шектеулер енгізуге жол бермеу үшін Жамбыл ГРЭС-і 5 блоктық режимде жұмыс істеуге көшуі қажет екен.

Жағдайды қабылданып жатқан шаралар да құтқармай тұрған көрінеді. Ел Үкіметі 2023 жылғы 1 шілдеден бастап, салада жаңа модель енгізді. Оған сәйкес, Қазақстанның барлық субъектілері үшін нарыққа тең қолжетімділік қамтамасыз етілді, электр энергиясының барлық өңірлердегі бағасы теңестірілді. Барлық дерлік өңірде тұтынушылар үшін тариф күрт өсіріліп, электр құны қымбаттатылуда. Ұлттық банк инфляцияны болжамдау аясында тарифтердің өсірілуі алдағы жылдары да жалғасатынын білдірді.

Жалпы, кеңестік қалыптан алысқа ұзай алмаған қазақстандық энергетиканың артта қалуы жалғасуда. KEGOC басқарма төрағасы атап өткендей, саланы автоматтандыру жағы нашар.

«Қазіргі уақытта энергия нарығы субъектілерін «электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесімен» (ЭКЕАЖ) жарақтандыру деңгейі айтарлықтай төмен. Объектілердің шамамен 40%-ы әлі күнге ЭКЕАЖ-сыз жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде, теңгерімдеуші нарықта сағаттық есептеулерді жүргізуді қиындатады. Электр энергиясын, әсіресе ең жоғары сағаттарда тұтынуға өтінімдердің дұрыс қалыптаспауын туындатады. Энергия нарығы субъектілерін ЭКЕАЖ-бен 100% жарақтандыру үшін қажетті шараларды қабылдау талап етіледі», – деді Нәби Айтжанов.

Энергетикалық орталықтарды, ЖЭО-ларды, қазандықтарды, желілерді табыс табу үшін ондаған жылдар бойы аяусыз жеккен, ал жетілдіруге инвестиция салмаған олигархтар ЭКЕАЖ-ға көшпеу арқылы да мемлекет пен халықты алдап, қалтасын қампайтып отыр. Биліктің әлі күнге тиісті талап қоймағаны, енді ғана есін жиып жатқаны қайран қалдырады. Оның өзінде заң жүзінде тиісті талаптар әзірге енгізілмеген.

Былтыр компания «Қазақстан БЭЖ-і Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасын іске асыруға кірісті. Жоба Жамбыл және Түркістан облыстарының 500 кВ электр желілерін күшейту арқылы оңтүстік энергетикалық аймақтың тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған.

Ұлттық электр торабының үздіксіз және сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін «KEGOC» АҚ желілерін дамыту бойынша бірқатар ауқымды жобаларды 2035 жылға дейін іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарында Қазақстан БЭЖ-і Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту, Батыс Қазақстан энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру, «Солтүстік-Оңтүстік» тұрақты тоқ желісін салу бар.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда электр қуатының тарифтерін қайтадан көтеруге тура келуі мүмкіндігін мәлімдеді.

Оның айтуынша, билік бұған тосқауыл қоймайды, тек тарифтердің күрт артуына жол бермейді.

Мысалы, 1 наурыздан бастап, Алматы тұрғындары үшін тоқ бағасы көтерілді. Астана жұртшылығы да тарифтердің көтерілуіне шағымданып жатыр. Елордада қаңтар айына арналған түбіртектерде электр және жылу энергиясы үшін тіпті еселеп өскен шоттар келді. Ұлттық экономика министрлігінің монополияға қарсы органы «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ін тексеріп, айыппұл салғанын хабарлады.

Алайда астаналықтар ақпан айына арналған шоттар да үлкен болады деп қауіптенеді. Себебі, «Астанаэнергосбыт» тарифін төмендеткенін хабарламады, демек, сақтап қалса керек.

Дәл осы кезде Қазақстанның онсыз да тапшы электр энергиясын көрші Қырғызстанға жеткізуі қазақстандықтарды аң-таң етті.

Қырғыз республикасының Энергетика министрі Таалайбек Ибраевтың хабарлауынша, қырғыздарда қуат тапшылығының туындауына майнерлердің қаптап кетуі ықпал етіпті.


ПІКІР ЖАЗУ