Қорғаныс министрлігі: қазақстандық бітімгерлер Голан жотасына жетті

0
70

Қазақстандық әскери қызметкерлер Голан жотасына жетті деп хабарлады 16 наурызда қорғаныс министрлігі. Олар әуелі Сирия астанасы Дамаскіге ұшып барған, сол жақтан көлікпен Фауар бітімгерлік базасына жеткен. Ведомствоның айтуынша, осы базаға бітімгерлік тапсырманы орындау үшін қажет әскери техника мен мүлік те жеткізілген.

Қазақстандық жасақтың құрамында 139 әскери қызметкер бар. Бөлім бронды көліктер, КамАЗ-дармен, микроавтобус және жолсыз жерлермен жүретін көліктермен жабдықталған деді ведомство өкілдері.

Жасақ Голан жотасына Қазақстан президентінің бастамасымен, парламент мақұлдауымен жіберілген. Қаңтарда мәжіліс және сенат Қасым-Жомарт Тоқаевтың 430 қазақстандық бітімгерді Таяу Шығыс пен Африкаға жіберу туралы ұсынысын қолданылған.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айтуынша, қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның Голан жотасындағы қарусыздану жөніндегі бақылаушы күштері миссиясына, Таяу Шығыста атысты тоқтату шарттарының орындалуын қадағалау миссиясына қатысады. Бұған қоса, БҰҰ-ның Оңтүстік Судандағы миссиясына да қатысады.

Голан жотасы – Израиль мен Сирия арасында орналасқан, 1967 жылы алты күндік соғыстан кейін Израиль бақылауына өткен аумақ. Сирия мен әлем елдерінің басым бөлігі Израильдің Голан жотасындағы егемендігін мойындамайды. 2019 жылы АҚШ Израильдің Голан жотасындағы егемендігін мойындаған АҚШ шешімін Ресей, Сирия мен Парсы шығанағы елдері айыптаған.

Қазақстан халықаралық бітімгерлік бағдарламаға қатысатын Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2014 жылдан бері 67 қазақстандық офицер БҰҰ-ның Батыс Сахара, Мали, Кот-д’Ивуар, Орталық Африка республикасы мен Ливандағы миссияларына әскери байқаушы және штабтық офицер ретінде қатысқан. 2018 жылдан бері 538 қазақстандық әскери қызметкер «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясының құрамында болған.

Ондаған қазақстандық әскери қызметкер 2003-2008 жылдар аралығында Ирактағы халықаралық бітімгерлерге көмектескен. Иракта бітімгерлік миссиясының мүшесі капитан Қайрат Құдабаев қаза болған. Ол 2005 жылы оқ-дәрілерді түсіріп жатқан кезде опат болған.


ПІКІР ЖАЗУ