БРИТАНИЯДА ИНВЕСТОРЛАР ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ
Қазақстанда кәсіп етіп, еліміздің экономикасына қаржы құйып жатқан 100-ге жуық шетелдік инвестор Лондонда бас қосты.
Олар жергілікті ірі бизнес өкілдеріне еліміздің инвестициялық әлеуеті жайлы баяндап, тәжірибелерімен бөлісті. Қазақстанда шетелдік инвесторларға барынша қолайлы жағдайлар жасалған. Мысалы, 82 елдің бизнес өкілдері елімізге визасыз кіре алады.
Ал инвестор қандай да бір дауға тап болса ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейтін “Астана” халықаралық қаржы орталығына жүгіне алады.
Панельдік сессия кезінде инвесторлар мол тәжірибелерімен бөлісіп, екіжақты серіктестікті арттыру бойынша ойларын ортаға салды. Ричард Элмер, Knight Piésold UK компаниясының директоры: – Қазақстанға келіңіздер деп үгіттеп жатырмыз.
Біз тау-кен саласында 8 жылдай жұмыс істеп, үкіметтің жасаған қамқорлығына риза болдық.
Британиялық компаниялардың қатарымызға көптеп қосылғанын қалаймыз.
Қазір әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға байланысты алпауыт елдердің өздері қиын кезеңдерді бастан кешуде. Дейтұрғанымен, ел басшымыз экономикамызды 2029 жылға дейін екі есеге көтеруді мақсат етіп отыр.
Осы ретте жиында инвесторлар үшін кедендік баждардан босату, салықтық жеңілдіктер және заттай гранттар сияқты түрлі шаралар қолға алынып жатқаны айтылды.
Бұл әлеуетті бизнесмендердің елімізге қызығушылығын арттырды.
Мэттью Андерсон, tvet UK компаниясының атқарушы директоры: –
Біз білім саласында жұмыс істейміз. Тренингтер өткізіп, оқу жоспарларын құруға көмектесеміз. Британиялық оқу орындарымен және қаржы институттарымен тығыз байланыстамыз. Бізге Қазақстан нарығы өте қызықты болып тұр.
Шараны Қазақ-Британ қауымдастығы Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды. 20 жылдан астам тарихы бар ұйым екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, сондай-ақ білім және мәдени байланыстарды нығайтуға күш салып келеді. Джон Морроу, қазақ-британ қауымдастығының директоры: – Бүгінгі тақырыбымыздың ауқымы кең болды. Мұнай-газ, тау-кен, ауыл шаруашылығы, заң қызметі және басқа да сала өкілдерінің басын біріктіріп, ынтамақтастықтың өзекті мәселелерін талқыладық.
Ұлыбритания еліміздің Еуропа континентіндегі белсенді сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Ең ірі 6 инвестордың қатарына кіреді. Өткен жылдың 3-тоқсанының қорытындысы бойынша, мемлекетімізге 564 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат әкелген. Бұл алдыңғы жылдың сол кезеңімен салыстырғанда шамамен 7 пайызға артық.