Премьердің Алматы облысы әкіміне ескертуі: Қаржы толық игерілмесе, қысқартамыз

0
69

Премьер-Министр Олжас Бектенов Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке бөлінген қаражат толық игерілмесе қысқартылатындығын ескертті.

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Алматы облысының әкімінен: «Былтыр өңірге ауылдық жерлерде 86 жобаны іске асыруға шамамен 21 млрд теңге бөлінді. Бірақ, оның тек 90 пайызы ғана игерілген. Неге жұмыс баяу жүріп жатыр?» – деп сұраған еді.

Өңір әкімінің айтуынша, Алматы облысы бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2023 жылы 20,9 млрд теңгеге 86 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның 63 жобасы өткен жылы аяқталып, 23 жобасы осы жылға ауысып отыр.

«2024 жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сәйкес, қаржыны игеру 18,6 млрд теңгені құрады. Игермеу көлемі – 2,3 млрд теңге. Қаражаттың игерілмеу себептері келесідей: 1,9 млрд теңгеге жұмыс кестесінен артта қалу (4 мекемеге айыппұл салынды), 290 млн теңге ұзаққа созылған сот процестері (1 мекеме бойынша), 164 млн теңге мемлекеттік сатып алу бойынша үнемдеу, 61 млн теңге құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобалық-сметалық құжаттаманы түзету. Өткен жылы аяқталмаған жобалар биыл жүзеге асырылады. Жалпы, 2024 жылы 14,1 млрд теңгеге 84 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде құрылыс және жөндеу жұмыстары келесі салаларда жүргізіледі: жол инфрақұрылымы, білім беру, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, мәдениет, денсаулық сақтау», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Осы орайда Үкімет басшысы бөлінген қаражат толығымен игерілуі тиістігін баса айтты.

«Бөлінген қаражат толығымен игерілуі тиіс. Болмаса қысқартамыз. Осы жерде Қаржы министрі отыр. Дұрыстап қараңыздар», – деді Олжас Бектенов.


ПІКІР ЖАЗУ