Мемлекет басшысы : Наурыз мейрамы биыл қоғам дамуының жаңа кезеңіне қадам

0
74

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңару мен жаңғырудың символына айналған Наурыз мейрамы биыл қоғам дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды білдіретінін атап өтіп, барлық азаматтың жүрегінен орын алатын іргелі құндылықтардың айқындалғанына назар аударды

– Еліміздің алдында биік мақсат тұр. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Біз адал еңбек етіп, адал табысқа жете алатын әділ қоғам орнатуымыз керек. Мұндай қоғамды адал азаматтар қалыптастырады. Бір сөзбен айтсақ, әділдік пен адалдық – әрдайым қатар жүретін егіз ұғым. Сондықтан біз құрып жатқан қоғамда баршаға бірдей мүмкіндік беріледі. Әділетті мемлекет – бұл заң мен тәртіп үстемдігі. Озық мемлекет болу үшін бәріміз тек жарқын болашаққа сеніммен қарауымыз керек. Біздің үмітіміз – жастар. Қазақстанның келешегі сіздердің қолдарыңызда. Белсенді, санасы сергек, ойы ұшқыр, адал, көзі ашық жастарға біз әрдайым қолдау көрсетеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде егемендігіміздің алтын бесігі болған Алматыны еліміздің рухани, ғылыми және экономикалық орталығы деп атады.

– Алматы бүкіл Қазақстанның өркендеуіне зор ықпал етеді. Сондықтан мен Алматының дамуын, қала тұрғындарының тыныс-тіршілігін айрықша назарда ұстаймын. Әсем Алматымыз болашақта бұдан да көркейе беретініне сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 


ПІКІР ЖАЗУ