СҚО-да балалар арасында көкжөтел ауруы жиіледі

0
76

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері көкжөтел жұқтырудың 15 жағдайы тіркелді.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, былтыр бір жылдың ішінде көкжөтелмен 20 адам ауырған.

Биыл үш айдың ішінде дертті жұқтырғандардың дені – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың басым бөлігі – Петропавл тұрғындары. Қызылжар ауданынан екі бала сырқаттанған.

Көкжөтел ауруының жиілеуі ұжымдық иммунитеттің төмендеуімен байланысты болып отыр. Яғни, дертке қарсы екпе алудан бас тартатындар көбейген.

«Көкжөтел – жедел таралатын, көбіне балалар ауыратын дерт. Десек те, ауруға қарсы өмірлік иммунитет қалыптаспаған жағдайда оны ересектер де жұқтырады. Бактерия науқас жөтелгенде сілекей, қақырық арқылы тарап, кейін тыныс алу органдарында дамиды. Жөтел қысып, ұстама кезінде бала қызарып, одан кейін көгеріп, мойнындағы тамырлары шодырайып, көздері қанталайды. Ырықсыз нәжіс, не несеп бөлінуі мүмкін. Тілі сыртқа шығып, көзінен жас ағады. Ауру бір айдан бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Асқынған жағдайда өкпенің қабынуына ұласады, мидың зақымдануы сияқты асқынуларымен де қауіпті», – дейді инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Салтанат Бекқожина.

Маманның айтуынша, көкжөтелден қорғанудың сенімді әдісі – вакцинациялау. Көкжөтелге қарсы екпенің алғашқы дозасы 2 айлық балаға салынып, сосын 3 және 4 айында қайталанады. Сондай-ақ 1, 5 және 6 жаста көкжөтелге қарсы ревакцинациялау жүргізіледі.


ПІКІР ЖАЗУ