Еліміздегі 11 су қоймасы 100 пайыз толып тұр
Еліміздегі 11 су қоймасы 100 пайыз толып тұр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінен мәлім етті.
«Еліміздегі барлық су қоймасы қазіргі кезде министрліктің жіті назарында тұр. Су тасу кезеңі қарқынды жүріп жатқан өзендер бойындағы су қоймаларына қатысты ақпаратты күнделікті алып отырмыз. Бүгін таңғы 8-00-дегі ақпаратқа сәйкес, 11 су қоймасы (Қоянды, Ақешкі, Казталов ІІ, Шаған, Ащысу, Жартас, Жезді, Самарқанд, Желқуар, Сергеев, Амангелді) 100 пайызға толып тұр», – деп атап өтті министрліктен агенттік тілшісінің сауалына орай.
Ведомство мәліметінше, аталған су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Яғни қоймаға қанша су келсе, сонша мөлшердегі су қойманың төменгі бөлігіне ағызылып жатыр. Қоймаға келіп түсетін су мөлшері азайған жағдайда ағызылатын судың мөлшері де азайтылады.
«Сондай-ақ, қоймалардан төмен орналасқан объектілер министрліктің бақылауында және қоймалардан ағызылатын су мөлшерін Су шаруашылығы комитеті реттейді. Су ресурстарын осылай реттеу қойманы және одан төмен орналасқан елді мекендерді су басу қаупінен сақтауға мүмкіндік береді», – деп нақтылайды Су министрлігі.