Жайық өзенінен Атырау маңындағы 5 елді мекенге қауіп төнуі мүмкін

0
73

Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Атырау қаласының маңындағы 5 елді мекенге қауіп төнуі мүмкін.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, алдағы күндері Жайық өзеніндегі су деңгейі ең жоғары шегіне жетуі мүмкін.

«Атырау облысында су тасқынының қаупі әлі де күрделі күйде қалып тұр. Қазір Жайық өзенімен ағып келетін тасқын судың көп мөлшері Атырау облысының аумағына кірді. Күн сайын Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласындағы гидробекеттерде су деңгейінің көтерілу көрсеткіші тіркеліп отыр. Индер және Махамбет ауданында су деңгейі қауіпті шектен асып кетті. Бірақ, өзен жағалауында салынған бөгет елді мекендерді су басу қаупінен қорғап тұр», – деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.

Әкім орынбасарының айтуына қарағанда, бүгін түнде Индер ауданында ескі құбыр арқылы тасқын су елді мекен аумағына кірген.

«Индербор кентінде дер кезінде тасқын суды тоқтатуға қатысты қажетті іс-шара қабылданды. Соның нәтижесінде тасқын су басу қаупі сейілді», – деді Жасұлан Бисембиев.

Ал, Атырау қаласында Жайық өзенінің жағалауына 250 шақырымнан астам бөгет тұрғызылған.

«Қазір Атырау қаласының маңындағы Бесікті, Алмалы, Талғайраң, Ақжар, Ақсай елді мекендері су басу қаупі басым аумақта қалып отыр. Осыған байланысты Жайық өзенінің жағалауында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды», – деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы Талдыкөл ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ, Атырау – Орал трассасынан Индерборға бұрылатын 7 шақырым жолды тасқын су шайып кетті.


ПІКІР ЖАЗУ