Үкімет биыл мыңдаған мемлекеттік пәтер кімдерге таратылатынын жариялады

0
95

Елдің БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағын үй кезегіндегілерді баспанамен қамтуға шығындау бастамасына қатысты ақырғы шешім шықты.

Адам атаулының басты қажеттілігінің бірі – басында баспанасының болуы. Бұл ретте Қазақстанда жетімбұрыш проблемасы сақталуда. Өйткені тұрғын үй бағасы тұрақты өскендіктен, бұқараға қолжетімді болмай қалды.

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2024 жылғы сәуірдің қорытындысында Қазақстанда, қайталама нарықта 1 шаршы метрдің құны орта есеппен 507 719 теңгені құрады. Баспана құны жыл сайын 3-6 пайыздан астамға өсіп тұрады.

Өңірлерде құрылыс компаниялары сататын жаңа үйлер бағасы жылдық мәнде Ақтөбеде – 9,5%, Қызылордада – 7,1%-ға қымбаттады. Қолданыстағы, қайта сатылатын пәтерлер нарығында баға өсімінің көшін Атырау (12,2%) мен Жезқазған қалалары (7,1%) бастап тұр.

Статбюроның дерегінше, республикада жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2024 жылғы I тоқсанда 251 997 теңгені, ал ең төменгі жалақы – 85 мың теңгені құрады.

Яғни, бастапқы нарықтан 40 шаршы метрлік шағын пәтерді сатып алу үшін статбюро бағасымен 20,3 миллион теңге қажет болады. Тиісінше, бұл үшін шамамен 80,5 орташа, медианалық жалақы талап етіледі.

Егер статбюро есептеген орташа жалақы көлемінде айлық алатын адам ол табысының шып-шырғасын шығармай, тегіс пәтер алуға сақтаса, онда шамамен 6 жыл 7 ай жинауына тура келеді. Бірақ өмірде олай бола бермейді. Қымбатшылық жайлаған кезеңде жалақы негізінен, азық-түлікке, бірінші кезекте қажетті заттарға, коммуналдық төлемдерге, дәрі-дәрмекке және басқасына кетеді.

Егер азамат ең төменгі жалақы тапса, әрбір тиынына дейін баспанаға бағыттаса, онда 19,9 жылдан астам уақыт жинауына тура келмек.

БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағына үй салу ұсынылды

Сондықтан мәжілісмен Ерлан Стамбековтың айтуынша, ипотеканың қымбаттығын, әрі бұқараның басым көпшілігінің кедейлігін, табысының аздығын ескеріп, халықты баспанамен қамту үшін бәрібір мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы керек болады.

Қазақстан тұрғындарының саны 20 миллионнан асты, соның ішінде көрші елдерден қоныс аударушылар қатары күрт өсті. Осы кезде соңғы үш жылда үй кезегінде тұрғандар саны 480 мыңнан 640 мың адамға дейін артып шыға келген. Бұл қарқынмен миллионнан асуы мүмкін.

Жыл сайын бюджеттік жеңіл несиемен 15 мың ғана кредиттік баспана және шамамен 10 мың арендалық пәтер беріледі. Мұндай шабан қарқынмен қазіргі кезекте тұрғандарды баспанамен қамту үшін ширек ғасыр (25,6 жыл) қажет болады.

Қазақстанда 2022 жылдың соңында баспанамен қамту көрсеткіші әрбір тұрғынға 23,4 шаршы метрді құраған. Одан бері халық саны өсті.

БҰҰ стандарттары бойынша әрбір адамға кем дегенде 30 шаршы метрден келуге тиіс. Бұл ретте, Стамбековтың мәліметінше, кезекте тұрған азаматтардың бәрін бір мезгілде баспанамен қамтамасыз ету үшін 19,2 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызу керек. Бұл 9,5 триллион теңге шығынды талап етеді.

Депутаттардың байламынша, ол қаржы мемлекетте бар. Мысалы, 2024 жыл басындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 18,1 триллион теңгеден астам қаржы жатыр.

«Халықты баспанамен қамту үшін бұл жобаларды БЖЗҚ қаражаттары есебінен ұзақ мерзімді қаржыландыруды қарастыруға болар еді. Мысалы, БЖЗҚ қаражатын 40-тан 90 жылға дейін алуға болады. Онда болашақ зейнеткерлер төл жинағынсыз қалмай ма? Олай болмауы үшін халықтың ынтымақты жауапкершілігін енгізу керек: «қазір сен төлейсің – кейін саған төлейді» қағидаты қолданылуы қажет. Осы арқылы халықты баспанамен қамтамасыз ету проблемасы шешіледі, сондай-ақ БЖЗҚ салымшылары лайықты табыстылыққа қол жеткізеді. Өйткені БЖЗҚ қаражатына салынған тұрғын үйді жалға беруден немесе сатудан түскен қаржы, бүкіл пайыздық сыйақыларымен бірге сол қорға бағытталады», – деді Мәжіліс депутаты.

Әлеуметтік баспана – өзін ақтамайтын бизнес

Айта кету керек, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Стамбеков бастаған Мәжілістің бір топ депутатының бұл бастамасын құптамады. Премьер-министр мемлекеттік үй кезегінде тұрғандар «әлеуметтік», яғни арзан немесе тіпті тегін баспананы талап ететінін еске салды. «Әлеуметтік баспанаға» қаржы салудың қауіптері жетерлік екен.

«Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің тұрақтылығын арттырудың маңызды элементтерінің бірі – зейнетақы жинақтарының сақталуына, еселенуіне және нақты құнын сақтауына бағытталған тиімді инвестициялық басқару болып табылады. Әлеуметтік тұрғын үй құрылысына салынған инвестицияда біршама қауіп-тәуекелдер бар. Біріншіден, ол теріс рентабельділікке ие. Екіншіден, бұл салада ашықтық жоқ. Үшіншіден, әлеуметтік баспанаға салынған қаражаттың қайтарылуы қиын», – деп ашығын айтты Үкімет басшысы.

Оның байламынша, зейнетақы активтерін нарықтық емес іс-шараларға, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру мақсаттарынан басқа әлеуметтік және өзге де міндеттерді шешуге, сөйтіп, нарықтық ставкалардан төмен кірістілікпен инвестициялауға жол берілмейді.

Өйткені бұл «ұзақ мерзімді кезеңде жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және салымшылардың зейнеткерлікке шығу кезіндегі жинақтарының жеткіліктілік деңгейіне теріс әсер етеді».

Олжас Бектанов қазақстандықтарға БЖЗҚ-дағы жеткіліктілік шегінен асқан қаражатын жұмсауына онсыз да рұқсат етілгенін еске салды.

«Қазіргі уақытта азаматтарға тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарна енгізу, тұрғын үй салымдарын толықтыру, ипотекалық қарыздар бойынша берешекті өтеу және басқасы үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы артылған қаражатын жұмсау арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсарту мүмкіндігі ұсынылған. Құрылыс саласы өте жоғары тәуекелді салаға жататынын ескеріп, осы кезеңде әлеуметтік баспана құрылысын қаржыландыру үшін БЖЗҚ қаражатын соған тікелей инвестициялауды тиімсіз деп санаймыз!» – деді Премьер.


ПІКІР ЖАЗУ