Енді Қазақстан әуежайдан кірген әр шетелдік қонаққа тосын сый жасауы мүмкін

0
39

Бүгінде туризм саласында мемлекет 369,8 миллиард теңгенің 61 жобасын іске асыруда. Бұл – рекорд саналады.

Қалауын тапса, туризм елге қыруар қаржы, қайтарым әкеледі. Мысалы, Алматы туризм бюросының (Almaty Tourism Bureau) басшысы Камила Лұқпанованың мәліметінше, 2023 жылы еліміздің ең ірі мегаполисіне жалпы саны 2 038 417 саяхатшы келген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 12,6% көп.

Биылғы жетістігі де бұл белестен кем болмасы сөзсіз. Әрине, мұның ішінде басым бөлігі – ішкі, қазақстандық келушілер. Дегенмен, биыл Алматыны тамашалап, тамсанатын шетелдік туристердің саны 550 мыңға жетеді деп болжанып отыр.

Almaty Tourism Bureau басшысының айтуынша, өткен бір жылда Алматы бюджетіне туризм саласынан 71,7 миллиард теңге салық түскен. Яғни, бұл сектордың салық түсімдері бірден 64%-ға көбейді.

Осылайша, туризм алып мегаполис бюджетінің 5 пайызын өзі толтырды. Бұдан саланың зор әлеуетін байқауға болады.

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова отандық ішкі туризмді дамытуға мемлекеттің бар күшін салып жатқанын жеткізді. Бұл үшін тіпті ұлттық парктер ішінде тұрғын үй және басқа жылжымайтын мүлікті салуға рұқсат етілуі мүмкін.

«Туризм инфрақұрылымын дамыту және сервис сапасын арттыру мақсатында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2023 жылы бюджет қаражатына жалпы сомасы 131,2 миллиард теңгеге 33 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Негізгі жобалардың қатарында, мысалы, Имантау–Шалқар курорттық аймағында жалпы сомасы 1,4 миллиард теңгеге автожолдар салынды және реконструкцияланды. Алакөл жағалауын нығайту жұмыстарына 25 миллиард теңге, Балқаш қаласында Бертіс шығанағының жағалауын абаттандыруға – 2,6 миллиард теңге, Жасыбай көліне кіреберісті орташа жөндеуге – 400 млн теңге жұмсалды», – деді вице-премьер.

Салаға биыл құйылып жатқан қаражат ауқымы былтырғыдан екі еседей артық. Қазіргі уақытта жалпы құны 369,8 миллиард теңге тұратын 61 жоба іске асырылуда.

Т.Дүйсенова олардың барлығының жобалық-сметалық құжаттамасы барына екпін түсірді.

Былтырғы 2023 жылғы 19 желтоқсанда 20 өңірде туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «ТОП-20 дестинация бойынша жол карталары» бекітіліп, биыл іске асырылуда.

Бұдан бөлек, инфрақұрылымды жайластыру мәселелерін жедел шешу үшін «Қазақстанның ТОП-20 туристік орны» айқындалды. Бүгінде олардың әрқайсысына арналып, егжей-тегжейлі Бас жоспар әзірленуде.

«Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға елді мекендерден тыс жерлерде және ұлттық парктер аумағында жерді оның құрамынан шығарусыз, туристік инфрақұрылым салу бойынша құзыреттер беру жоспарланды. Тиісті заң жобасы Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңес, яғни Инвестициялық штаб жиындарында пысықталды. Бүгінде заңнамалық түзетулер Мәжілістің қарауына енгізілді», – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Біраз шенеуніктердің өзі Алакөлде демалады. Үкімет осы бағытты дамытуға да басымдық беріп отыр. Кейінгі жылдары еліміздің ең бір тылсым, тартымды көліне туристерді жеткізетін пойыздар саны артып келеді.

Бүгінгі күні Алакөл көлі бағытында №337/338 «Алматы – Достық» және №6941/6942 «Ақтоғай – Достық» екі пойызы, сондай-ақ «Астана – Достық» (№121/122 «Астана – Семей» пойызының құрамында) және «Қызылорда-Достық» (№21/22 «Қызылорда – Семей» пойыздың құрамында) пойыздары қатынайды.

«Жазғы кезеңде жолаушылардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Алакөл бағытында, Достық станциясына дейін ағымдағы жылы қосымша 3 «Тальго» пойызын, стандартты құрамдағы 4 пойызды және тоқтаусыз вагондарды іске қосу жоспарлануда. Жолаушылардың жайлы жүруі үшін барлық вагондар кондиционермен жабдықталады. Осы маршруттар еліміздің барлық негізгі өңірлерін Алакөл жағалауымен тікелей байланыстырады. Бұл ретте Алакөл курорттық аймағы бағытында, Үржар және Үшарал әуеайлақтарына Алматы қаласынан «Скат» және «Южное небо» авиакомпанияларының рейстері жүзеге асырылады. Осы жазда «Qazaq Air» авиакомпаниясы да рейсті іске қосуды жоспарлап отыр», – деді Тамара Дүйсенова.

Айтқандай, депутаттар букмекерлерден, лотереядан түсетін жарналарды туризмге жұмсау идеясын ілгерілетіп жатыр. Өйткені ол миллиардтар спорт саласына ғана бағытталады. Бұдан қайыр да, қайтарым да жоқ.

Қазақстан Олимпиадада алтын алуды мүлдем тоқтатты, биылғы Париж Олимпиадасынан да алтын күтіліп отырған жоқ. Салдарынан, спортқа бағытталған ондаған миллиард қаражат талан-тараж, рәсуа етіледі.

«Қазақстанда 2021 жылдан бері Туризм мен спортты қолдаудың бюджеттен тыс қоры жұмыс істеп келеді. Қордың мүлікті пайдалану туралы есептеріне жүгінсек, одан 2021–2022 жылдары 51 миллиард теңге спорт саласына ғана бөлінген. Ал, туризмді дамытуға мүлдем қаражат берген жоқ. Қордың жарғысына туризмді дамытуға қатысты ереже тек өткен жылы енгізілді. Осыған байланысты Үкімет аталған қордан бөліп шығару арқылы «Туристік саланы дамыту қорын» құруды қарастыруы керек. Бұл туристік салаға бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуын арттырады деп сенемін», – деді мәжілісмен Нұргүл Тау.

Дегенмен, Үкімет басшысының орынбасары Парламенттің өзі тиісті заңды қабылдамай, мұны жасай алмайтынын білдірді.

«Шынында, «Туризмді және спортты қолдау қоры» корпоративтік қорынан туризм саласындағы жобалар мен іс-шараларды іске асыруға қаражат бөлу үшін сол қорға ойын бизнесі және лотерея қызметі қаражаты есебінен туризм жобаларын қаржыландыру бойынша тиісті өкілеттіктер беру қажет. Сондықтан Туризм және спорт министрлігі қажетті заңнамалық түзетулерді әзірлеп шықты. Құжат туристік саланы қолдау мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылайтын жұмыс топтары аясында қарастыру үшін Мәжіліс депутаттарына берілді», – деді вице-премьер Тамара Дүйсенова.


ПІКІР ЖАЗУ