Реформалар ұлттың саяси менталитетін түбегейлі өзгертті – Ерлан Қарин

0
129

 

І. ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МӘНІ НЕДЕ?

Ішкі саясат саласында ақпарат ағыны әрдайым жылдам алмасып отырады. Белгілі бір кезеңде саяси реформалар, сайлаулар мен кадрлық ауыс-түйістер ел назарында болды. Содан соң отбасылық зорлық-зомбылық, қарғын сумен күрес мәселесі күн тәртібіне шықты. Дегенмен билік құрылымдары түгелдей күнделікті мәселелермен айналысып жатқанына қарамастан, мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарына сәйкес ілгерілеу үшін жүйелі жұмыс жалғасып келеді.

Дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық Құрыл­тайдың үшінші отырысында айқындап берді. «Әділдік» деген ауқымды ұғым осы идеологияның арқауына, ал «Әділетті Қазақстан» деген түсінік мемлекет бағдарының басты идеологемасына айналды.

«Әділетті Қазақстан» – бір жағы­нан мемлекеттік идеоло­гияның өзегі әрі мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты. Сонымен бірге бұл – қоғам санасына орныққан бола­шақтың бет-бейнесі. Шын мәнінде, «Әділетті Қазақстан» идея­сы күні кеше ғана немесе жұрт айтып жүргендей, соңғы екі-үш жылда ғана пайда болған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне келген күннен бастап әділдіктің қастерлі қағидатына айрықша мән берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскеннен кейінгі алғашқы сөзінде: «Еліміздің даму жо­лындағы осы маңызды мезетте бү­кіл қоғам болып, өркендеген, демокра­тиялық, әділетті Қазақ­стан­ды құру идеясының төңірегіне топтасуы керек» деген еді. Одан кейін 2019 және 2022 жылы өткен президент сайлауы кезінде Мемлекет басшысы «Әділдік» ұғымын сайлау алдындағы тұғырнамасына негіз етіп алып, өз саясатының басты қағидаты ретінде ұстанып келеді. Әділетті мемлекет құру идеясы қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік саясаттың ғана емес, бүкіл қоғамның идеологиялық темірқазығына айналды.

Әділдік идеясы қоғамның сұра­нысына да, мемлекеттің ұстанымына да сай келеді. Яғни «Әділетті Қа­зақстан» ұлтты ұйыстыратын идея­ға ай­налды. Осы орайда, «әділдік» және «әділетті мемлекет» деген терминдердің мән-мағынасын нақ­ты­лай кеткен жөн. Әділдік де­ге­німіз – бәрін бір қалыпқа салып, теңестіру емес. Әділдік – ең алдымен, құқықтар мен міндеттерді бәріне бірдей бөлу деген сөз. «Әділдік» ұғымын дәл осылай ұғынып, түйсіну қажет. Ол барлық реформаның өн бойында тұр.

Соңғы жылдары мемлекеттік деңгейдегі көптеген шешім осы әділдік идеясына орай қабылданып келеді. Мысалы, 2022 жылы жүр­гізілген конституциялық реформа аясында халықтың жерге және оның қойнауындағы байлыққа, жануарлар және өсімдіктер әле­міне, сондай-ақ басқа да табиғи ресурстарға қатысты меншік құқығы Ата заңымызда бекітілді. Бұл қағидат іс жүзінде «Ұлттық қор – балаларға» атты бағ­дарлама арқылы жүзеге асырылды. Соған сәйкес бұдан былай Ұлттың қордың жыл сайынғы ин­вестициялық табысының жартысы балаларға арналған жинақтаушы есепшоттарға тең бөліп аударылады.

Сондай-ақ әділдік қағидатының нақты жүзеге асырылып жатқанына мысал ретінде кезінде заңсыз алын­ған, жалпы сомасы 1 трил­лион тең­геден асатын активтердің елге қай­тарылғанын, пайдаланылмай келген 5 миллион гектардан астам жердің мемлекет меншігіне өткенін, соны­мен бірге «Қазақстан халқына» қо­ғамдық қорының құрылғаны мен «Самұрық-Қазына» қорының таза табысының кемінде 7 пайызы жыл сайын осы қордың есепшотына аударыла бастағанын атап өтуге болады.

Шын мәнінде, Әділетті Қазақстан – бәзбіреулер айтып жүргендей, биліктің ойлап тапқан жасанды идея­сы емес, Президенттің стратегиялық бағдарының идеялық негізі. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ең негізгі миссиясы – Әділетті Қазақстанды құру екенін үнемі айтып жүр. Саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларда жүргізіліп жат­қан жүйелі реформалардың бәрі, ең алдымен, осы стратегиялық мақ­сатқа қол жеткізуге арналған. Пре­зиденттің елімізді түбегейлі және жан-жақты жаңғыртуға қатысты байып­­тамасының түпкі мәні осында жатыр.

ІІ. ЖАҢА ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ТҰҒЫРНАМА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдан бері дәйекті түрде жүргізіп келе жатқан, идеологиялық сипаты «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында көрініс тапқан саясаты басты бес тұжырымға негізделген. Президент оның әрқайсысын әртүрлі кезеңде ұсынып, саяси өмірге біртіндеп енгізіп келеді.

«Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» атты алғашқы тұжырым «Әділдік және Әділетті Қазақстан дегеніміз не?» деген сауалға жауап береді. Бұл жерде әңгіменің түйіні тең құқылы, сындарлы талқылау арқылы бәріне ортақ байлам жасап, шешім қабылдау қажет деген пайымға келіп тіреледі. Әділетті Қазақстанды құру жолында теңқұқылық қағидаты өте маңызды. Осы қағидат берік орнықса, азаматтардың бәрі өзінің жеке әлеуетін жүзеге асыру үшін әлеуметтік жағдайына, ұлтына, тілі мен дініне қарамастан бірдей құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болады.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты екінші тұжырым «әділдік ҚАЛАЙ орнайды?» деген сауалға «ел-жұртпен тығыз байланыс­та болып, олардың мұң-мұқтажын тыңдай білу арқылы орнығады» деп жауап бе­ру­­ге негізделген. Дегенмен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымы азаматтардың күнделікті түйткіл­де­рін шұғыл әрі тиімді шешуді ғана меңземейді. Сонымен қатар, бұл тұжырымдама елімізді дамытуға қа­тысты басты мәселелер бойын­ша қоғамның барлық өкілінің пікірін ескере отырып, байыпты әрі ортақ шешім қабылданатынын аңғар­тады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» жарқын мысалы ре­тінде Конституцияға өзгерістер ен­гізу үшін өткізілген референдумды ай­туға болады.

Үшінші тұжырым – «Заң және тәртіп» әділдік орнатудың әдіс-тәсілдерін айқындайды, яғни «Әділдікті қандай жолмен орнатамыз?» деген сауалға жауап береді. Заңды мүлтіксіз сақтау, баршаның заң алдында тең болуы, ең бастысы заң бұзған адамның қалайда жазасын алуы – қоғамда әділдікті орнықтырудың басты шарты. Осының бәрін іс жүзінде орындау өте маңызды. Бұл, әсіресе, тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылыққа, жемқорлыққа қарсы күреске қатысты оқиғалардан айқын көрінеді. Қылмыс жасаған адам­ның лайықты жазалануы – әділ сот төрелігі қағидатының көрінісі ғана емес, сондай-ақ қоғамның сот жүйесіне және тұтас мемлекетке деген сенімінің көрсеткіші. Бұл ретте мына жайтты түсініп алған жөн. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – мемлекеттің ғана міндеті емес. «Заң және тәртіп» қағидатының қоғамда орнығуына барлық азамат ұдайы атсалысуға тиіс.

Төртінші тұжырым – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» Әділетті Қазақстанның институционалдық ауқымын айқындайды, яғни «Әді­летті Қазақстан» қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап береді. 2019–2021 жылдардағы саяси ре­фор­малардың төрт топтамасы және 2022 жылғы саяси жаңғыру бағдарламасы осы тұжырымды нақты жүзеге асы­руға арналды. Соның нәти­жесінде билік тармақтары арасын­да тиімді тепе-теңдік жүйесі бар мем­лекеттік құрылымның жаңа институционалдық үлгісі қалып­тасты.

Бесінші тұжырым – «Адал азамат» ұғымы «Әділетті Қазақстанды КІМ қалыптастырады?» деген сауалға жауап бере отырып, ел-жұртымыздың рухани-адами келбеті болашақта қандай болатынын және азаматтық қоғам қалай дамитынын көрсетеді. Мемлекет басшысы: «Адал азамат» – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын адам» деген еді. Идеологиялық тұғырнама туралы айтқанда мына мәселеге назар аударған жөн. Бұл – қандай да бір қатып қалған қағидаларды үгіт-насихат арқылы жасанды түрде жаппай санаға сіңіру емес, керісінше, біздің қоғамның рухани бірлігін нығайта түсетін шынайы құндылықтарды дәріптеу деген сөз.

Жалпы, Мемлекет басшысы ұсынған идеологиялық тұғырнама елі­мізді одан әрі жан-жақты жаң­ғыр­ту­ға қатысы бар салалардың бәріне тың серпін береді.

III. ӨТКЕНГЕ ОРАЛМАЙТЫН ӨЗГЕРІСТЕР

Кейде «Реформалар нәтижесі қайда, уәде етілген өзгерістер қайда? Жаңа Қазақстанның түрі осы ма?» деген пікірлер айтылып қалады.

Біріншіден, өзгерістер әп-сәтте жасала қоймайды. Реформаларды жүзеге асыру үшін орасан зор күш-жігер, қисапсыз уақыт қажет. Мәселенің мән-жайын білмейтін адамға бұл үдеріс тым ұзаққа созылып бара жатқан секілді көрінуі мүмкін. Дегенмен өзгерістер бар. Кез келген реформа – қажырлы еңбекті талап ететін аса күрделі жұмыс. Кім не десе о десін, Қазақстан реформалар жолымен сенімді қадам басып келеді.

Екіншіден, біздің елімізде соңғы бес жылда кішігірім өзгерістер емес, керісінше, көптеген салада түбегейлі әрі жүйелі бетбұрыс жасалды. Егер тереңірек ойланып көрсеңіз, небәрі үш жылдың ішінде бүкіл саяси жүйенің құрылымы қайта жасақталғанын аңғарасыз. 2019–2021 жылдардағы саяси реформалар 2022 жылғы конституциялық реформаға ұласып, соның нәти­же­сінде еліміздегі мемлекеттік институттардың мәр­тебесі мен рөлі едәуір артты. Конституциялық сот жұмыс істей бастады. Президенттің құзырына кіретін мәселелер азайып, керісінше, Парламенттің құзыреті кеңейді. Аралас сайлау жүйесі ен­гізілді, саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдеді. Тұңғыш рет ауыл әкімдері тікелей сайланатын болды. 2021–2023 жылдардағы сайлау қорытындысында ауыл әкімдерінің үштен екісі жаңарды. Былтыр алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлап көрдік. Мұндай сайлаулар 2025 жылдан бас­тап тұрақты өткізілетін болады.

Бұл аз десеңіз, реформалар Қазақ­станға ғана емес, айналамыздағы ауқымды геосаяси кеңістікке де жаңашылдық әкеліп, осы аймақтағы елдер үшін жаңа үрдісті бастап берді.

Үшіншіден, саяси реформалармен қатар экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық салаларда да маңызды өзгерістер жасалып жатыр. Халықтың тұрмысын жақсарту үшін бағалы бастамалар мен нақты жобалар жүзеге асырылып келеді. Жүйелі әрі кешенді жұмыстар қазірдің өзінде жемісін бере бастады. Ең төменгі еңбекақы көлемі екі есеге артты. Бұл 1,8 миллион адамның табысына тікелей әсер етті. Ұстаздар мен дәрігерлердің, сондай-ақ ғалымдардың жалақысы көбейіп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау шаралары күшейді.

Мемлекет басшысының бастамасымен жұртқа тұрғын үй жағдайы мен денсаулығын жақсарту үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға мүмкіндік берілді. Бұл мүм­кіндікті миллионға жуық азамат пайдаланып үлгерді. «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» секілді ауқымды ұлттық инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында барлық аймақта жүздеген мектеп пен денсаулық сақтау нысаны салына бастады. Дегенмен ең бастысы – реформалар қоғамдық қатынастардың сипатын біржола өзгертті, ұлттың саяси менталитеті өсіп, азаматтық белсенділігі артып келеді, тұрғындар елдік мәселелерге еркін араласатын болды, жұрттың бір-біріне деген жанашырлығы нығая түсті, қоғамдық пікір саяси өмірге едәуір ықпал ете бастады. Саяси мәдениетке қатысты бұл өзгерістерді кері қайтару еш мүмкін емес.

Осылайша, елімізде түбегейлі өзгерістер жасалды, жаңарулар әлі де жалғасып келеді. Жүзеге асырылып жатқан жан-жақты реформалар енді тоқтамайды.


ПІКІР ЖАЗУ