Бұрынғы әйелін аңдып, шанышқымен қорқытқан қазақстандыққа сот үкімі шықты
Абай облысында ер адам бұрынғы әйелінің түнде екі баласын үйде қалдырып, кафеде отырғанына ашуланған. Кафеге келіп жанжал шығарған ер адамға қатысты сот үкімі шықты,-деп хабарлайды politico.kz
Үржар ауданының 36 жастағы тұрғыны бұрынғы әйелінің түнде кафеге барғанын біліп, мекемеге келген ол кәмелетке толмаған екі баласын үйде жалғыз қалдырғанына ашуланып, үстел үстіндегі шанышқымен бұрынғы әйелін қорқытқан.
Құрбысының денсаулығына алаңдаған қасындағы әйелдер дәмхана әкімшілігі мен полиция қызметкерлерін шақырған. Ер адам Қылмыстық кодексінің 115-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған.
Сот жаза тағайындау кезінде ер адамның кінәсін толық мойындағанын, жәбірленушіден кешірім сұрағанын, оның үшінші топтағы мүгедек екенін ескерді. Ол 60 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды.
«Сотталған азамат ауылдық округ әкімдігінде сыпырушы болып жұмысқа орналасқан, ол бүгінге дейін сот белгілеген 30 сағаттан астам жұмыс істеді», – деді Үржар аудандық полиция бөлімінің инспекторы Елдос Ерденбеков.