Құрылысы 14 жылға созылған Есқұла су құбыры: Ұлытау облысы сапалы ауызсуға қашан жетеді?
Politico.kz басылымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір әкімдеріне берген тапсырмалары туралы «Президент тапсырмасы» айдарын бастайды. Бұл айдарда Қазақстан Президентінің 2019 жылдан бастап облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларға жүктеген міндеттерінің орындалу барысы талқыланады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аймақтардың тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту үшін 2022 жылы жаңадан Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылған. Жаңа өңірлердің әкімдеріне де жауапты міндеттер жүктелген. Біз осы ретте Ұлытау облысындағы су мәселесіне шолу жасап шықпақпыз.
Ұлытау облысындағы өзекті мәселелердің бір – ауызсу сапасы. Бұл облыс құрылған уақыттағы жергілікті халықтың алғашқы тілегінің бірі болатын. Жергілікті тұрғындар тарапынан бұл мәселе бүгінге дейін бірнеше рет көтерілген.
«Ұлытау облысындағы судың сапасы өте нашар. Сүзгіден өткен су немесе дүкеннен 5 литрлік су алып ішпесек, үйде ағып тұрған су денсаулыққа аса зиян. Бұл мәселенің көтерілгеніне қаншама жыл болды. Әне-міне деп әлі келеді. Өз алдымызға жеке облыс болып, судың мәселесі шешілер деп үміттеніп едік, өзгеріс байқалмайды. Ұлытау облысының құрылғанына екі жылдан асты, су мәселесі әлі шешілген жоқ. Енді қанша уақыт күтерімізді білмеймін», – деп өңір тұрғыны Бекболат Кәрібай жауапты органдарға ренішін білдірді.
Ал өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы ауызсу мәселесін шешу үшін Ұлытау облысының әкімдігіне құрылысы сонау 2010 жылы басталған Есқұла су құбырын аяқтауды міндеттеген.
Президент облыс құрылған 2022 жылдың маусым айында өңірдің жағдайын өз көзімен көру үшін арнайы жұмыс сапарымен барған. Осы іссапарда өңір әкімі Берік Әбдіғалиұлы Есқұла құбырымен Жезқазған қаласына су тарту 2023 жылы басталатынын айтып, уәде берген. Яғни, 2023 жылы бұл құбырдың құрылысы аяқталып, облыс орталығы игілігін көруі тиіс еді.
Сол сияқты өткен жылдың 20 қазанында Су ресурстары және ирригация министрлігі Есқұла су құбырына қатысты арнайы мәлімдеме жасап, жыл соңына дейін сынақ режимінде іске қосылатынына сендірген. Ал нысанды тапсыру 2024 жылдың бірінші жарты жылдығына жоспарланып отырғаны белгілі болды.
Дегенмен, облыс әкімінің де, жауапты министрліктің де Мемлекет басшысына, өңір халқына берген уәдесі іс жүзінде орындалмай, әлі күнге дейін созылып келеді. Министрлік айтқан 2024 жыл қазір жартысынан асып кетті. Ауызекі тілде «Сақалды» құрылыс деген атауға ие болған Есқұла су құбырына 427 млн теңге бөлінген.
Өткен айда облыс әкімдігі жұртты алаң күйге салған тағы бір ақпаратты таратты.
«Биыл аяқталу сатысында тұрған 18 жобаның жалпы ұзындығы 338 шақырымды құрайды. Осылайша, келесі жылы облыста ауыз су мәселесі шешімін табуы тиіс», – делінген әкімдік хабарламасында.
Демек, құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс жоба 2024 жылға шегеріліп, жергілікті халық тек 2025 жылы ғана игілігін көрмек. Оның үстіне әкімдіктің «шешімін табуы тиіс» деген хабарламасының өзі мәселе шешілуі де, шешілмеуі де мүмкін деген екі ұдай ой қалдырады.
Ал Мемлекет басшысына, сол сияқты сарыла күтіп жүрген Ұлытау облысының тұрғындарына берілген уәде қайда?! Бүтін бір облысты басқарып отырған әкімдік сонау 2010 жылы басталған Есқұла су құбырын аяқтауға әлі де қауқарсыз ба? Арада 14 жыл уақыт өтті.
Берік Әбдіғалиұлы жетекшілік етіп отырған Ұлытау облысының әкімдігі осы мәселеге қатысты ресми жауап беруін сұраймыз.
Айта кетейік, осыған дейін еліміздегі әкімдердің рейтингі жарияланған болатын.
Автор: Елтай А.