Қызылордалық жігіт әйелдерге интимдік қызмет көрсету бөлмесін ұсынған
Қызылордада ер адам интимдік қызмет бөлмесін ұсынғаны үшін жауапқа тартылды. Оған 390 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ер адам саунада жұмыс істейді. Ол бұрын да осындай қылмыс жасап, жауапқа тартылған. Соған қарамастан екі әйелге жыныстық қызмет көрсету бөлмесін ұсынған.
Сот отырысында ол өзінің кінәсін толық мойындап, айыппұлмен құтылды.
М.-ның заңсыз әрекеттері куәгерлердің іс бойынша айғақтарымен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен және істің басқа материалдарымен дәлелденді. Құқық бұзушы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 450-бабы 2-бөлігі («Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну, Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған дәл сол әрекет») бойынша кінәлі деп танылды. Оған 387 660 теңге сомасында әкімшілік айыппұл тағайындалды, – деп мәлімдеді Қызылорда қаласы Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты.
Фото: kartinki.pics