«Атом станциясының жарылып кету қаупі — өте төмен» — энергетик

0
1653

«Қазақстандағы көмір қоры ғасырға жетеді». Дәл осындай ойымен қазіргі таңдағы энергия көздеріне маман ретінде баға беріп, болжамды энергетика тапшылығы жайлы сөз қозғаған энергетик, техника ғылымдарының докторы, профессор Бірлесбек Қаниұлынан сұхбат алдық.

— Бірлесбек мырза, Қазақстан бүгінде өз электр энергиясын өзі толықтай қамтамасыз етіп отыр ма?

— Жоқ. Кейінгі бір жылда жетіспеушілік пайда болды. Қайдан болды десек, біздің соңғы энергия блогын салғанымызға 20 жыл болды. Екібастұздың екінші блогын салғанымызда 90-жылдары линиялар жүргізгенбіз. Содан бері түк бітірмедік қой. Қай ел 20 жыл бойы бір генерацияға қарап отыр? Бұл тапшылықтан шығатын жолдар бар. Бірақ қазірдің өзінде мән беріп қарамай отырмыз.

Көмірқышқыл газының көбеюі өз алдына бір мәселе. Оны кемітуде біздің елде қандай мүмкіндіктер бар, соны игеруіміз керек. Кеңес үкіметі кезінде энергетика министрлігі ең мықты билік адамдары болатын. Олардың айтқандары конституциядан кейін екінші орында тұратын. Өкінішке қарай, қазір оны ешкім тыңдамайды. Аты бар, заты жоқ. Бұрындары біз Екібастұз көмірін былай санайтынбыз. Егер көмірдің күлінің мөлшері 45 болса, онда күлі бар көмір дейтінбіз. Ал 45-тен асса, көмірі бар күл дейтінбіз. Ол да бір көмір ғой, деп дәлелдеп жаққан адам — мен.

— Сарапшылардың елді энергетика тапшылығы күтіп тұр деген болжамы рас па? Бұл біздің елге қалай әсер етеді?

— Жаңа айтқанымдай жетіспеушілік бары рас. Әуелі өз еліміздегі жайтқа баға беріп алайық. Неге энергия көздерін көбейтпеске? Жарты ғасырға жуықтап қалған блоктармен отыра беретін болсақ, түксіз қаламыз.

— АЭС-тың жел, күн энергиясынын тиімділігі неде?

— Әрине АЭС өте тиімді энергия көзі. Абай айтқан «бес дұшпаның білсеңіз, өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» дегендей, күн энергиясын орнату бекер мал шашу ісі болды. Қаражатамызды жаратқанда ойланып жаратайық. «Бізге АЭС неге керек?» дейді көбі. Энергетиктер арасында Школьников деген ғалым болған. Мықты техник, білімді маман болатын. Атомды зерттеп қос қолдап қолдайтын. Бұрын мен тек көмірді қолдайтынмын. Қазір екеуміз ауыстық. Ол көмірді мойындады, мен атомды қолдайтын болдым. Өйткені екеуміз санай бастадық. Үлкен есеппен тиімділігін анықтадық.

Атомның кереметтегінің бірі – ұзақтығы. Дұрыс таңдалған жерге бір салып қойсаң болды. Техникалық жағынан ақаулықсыз салынған болса ғұмыры ұзақ болады. Екінші жағынан, көмірқышқыл газымен күресте ең таптырмайтын энергия көзі – АЭС. Сіз айтқандай, қоршаған ортаны көмірқышқыл газымен улап жатқан генерация көздеріне қарағанда АЭС таза энергия көзі. Үшіншіден, Екібастұзда Кеңес үкіметі тұсында сол аймаққа үш станция саламыз дегенбіз. Әрқайсысында 8 блоктан 24 блок салынады дегенбіз. Қазір тек 10-ы істеп тұр. Соның орнына атом тұра алады.

Еуропадан келген санау мөлшерін құптамаймын. Бізге шығарып беретін көптеген статистикалық есептемелері, адам басына, адамның табысына шаққанда шығатын цифрлар. Біз былай жасап көрейік. Қазақстан өте бай дейік. Әр үйде бес адамнан десек, шамамен 4 миллион отбасы бар. Әр үйде екі көліктен болсын. Сонда 8 миллион көлік жүреді бізде.  Немістерді кедей деп алып, 80 миллион халық, әр семьяда 4-ақ адам деп қарастырып көрейік. Сонда 20 миллион үй, әрқайсысында бір-ақ көліктен болсын. Бізде сегіз, оларда жиырма. Кімдікі көп? Енді түсініп тұрсыз ба, есептеудегі құйтырқылықты. Ауадағы зиянды қалдықтарға қайдан келгені бәрібір. Атмосфера бәрімізге ортақ. Көмірқышқыл газынан туындайтын зиянды мөлшерлемеде есептік қате бар тәрізді. Десе де, заман талабына көндіге білуіміз қажет.

— АЭС реакторы жұмысына суытатын су көзі, көл, теңіз қасында орналасуы шартты ма?

— Конденсатор деген дүние бар. Буды қайтадан суға айналдыру үшін суытатын конденсатор керек болады. Бұл құрылғы барлық энергия генераторына қажет. Тек желге, күнге керегі жоқ.

Қазіргі таңда АЭС-тің жарылып кету қаупі өте төмен. Әрине, бірақ жарылса оңдырмайды. Халық соны түсінуі керек. Үрейленуі жөнді. Қалыпты дүние бірақ, қазіргі таңда техникалық қауіпсіздікті дұрыс сақтай отыра жасалған дүниенің қауіптілігі төмен болатыны рас.

— Қазақстанда білікті инженер-техник, энергетика кадрлары бар ма? Білім саласын дамытуға не жетіспейді?

— Бізде мамандар бар, басқаратын адам бар, бірақ таңдау тәртібін бұздық. Қазір әр нәрседе таңдау болады. Кім болса, соны қоймаймыз ғой. Біреуінің бітіргені экономика, энергетика саласында жүреді. Бір энергетиктер адасып экономикада жүреді. Реттілік, орнымен жүру дегеннен айырылып барамыз. Әлеуметтік лифтті құрттық біз. Мысалы ЖЭО-ға барып жұмысқа тұрсаң, екі күн жұмыс істейсің, екі күн демаласың. Бірінші күні таңнан кешке дейін, екінші күні түнгі уақытта жұмыста боласың. Артық уақыт болмайды. Тіпті дүкенге де баруға болмайды. Еңбегі бағаланбай қалатын мамандық осы орталықтағылардыкі. Кадрлар бар, жетеді тек оларды бағалауға, жалақысын көтеруге шамамыз жетпей қала береді.

Мәселен, бізде қымбатшылық өршіп барады дейміз. Бізде Қазақстанда өнімдер қымбат емес, халықтың жалақысы төмен. Сол себепті де, халық ала алмай, керек дүниесін алуға кредитке жүгіреді. Жалпы қымбат емес, бірақ біздің табысқа қарағанда қымбат.

— Қазақстанда 300 жылға жететін көмір қоры бар дейді. Оны пайдаланып жүре берудің зардабы болады деп ойлайсыз ба?

— Қазақстандағы көмір қоры дәл бүгінгі деңгеймен өндірсек 2000 жылға жетеді. Сіздегі деректер дәл бүгінгі қормен есептеулі мөлшері. Біз тауып қойғанымыз, таппай жатқанымыз қаншама. Көмірден шығатын зиянның мөлшері негізі көп емес. 1 кг көмірден мұржадан 8 грамм ғана шаң шығады. Бұл – бір.

Екіншіден, Еуропаға ереміз деп білімді әбден бүлдіріп болдық. Әлеуметтік өсімнің дегеннің қадірі қашты. Қоғамда бұл терминнің аты бар заты жоқтығынан, жастар еңбектенуден қалды. Мәселен кезінде біз қара жұмысшы болып кіріп басшылық қызметпен бір-ақ шығатынбыз. Қазір әлеуметтік статустың өсіміне шынайы еңбек емес, басқа нәрселер әсер етіп кетуде.

— Ақтауда болған атом реакторы алдағы уақытта салынатын АЭС-ке тәжірибе деп қарастыруға өзіндік көмегі тиеді деп ойлайсыз ба?

— Жоқ. Өйткені ол біздің әлемде жоқ станция болды. Жылдам нейтронды реактор болды. Бұл тиімді, алайда қымбаттау. Сол станцияның бір қызығы тоқтатқанымызға 30 жылдай болып қалды. Әлі сақтап отырмыз. Тағы бір артық шығын жасап отырмыз. Сол кезде тоқтатпай жұмысын жалғастыра бергенінде меніңше ойдағыдай іске асып тұра берер ма еді. Ал біз енді қайтадан шығындалып тағы салуға ниеттеніп отырмыз.

Бізге есептеуді, саралауды үйрену керек. Мәселен жауын жауса су болып қалмайын деп таксиге мінесің. Болмаса автобусқа мінесің. Ал күн жылы болып тұрса, шығындалып нең бар, жаяу кете берсең де болады. Сол секілді бүгін қандай, ертең не болады, барлығын болжай білу керек. Екібастұздағы тегін көміріміз тұрғанда энергия тұрғысынан ешкім тең келе алмайды. Әлемде ондай көмір қоры ешкімде жоқ. Алматының жерінің көлеміндей жерде 12 млрд. тонна көмір жатыр. Атом станциясының бұдан ұтып тұрғаны экологияға тиімділігі. Көмір көмірқышқыл газының көбеюіне әкелетіндіктен тиімсіздеу.

— Қазақстанның жағдайына қандай ядролық реактор сәйкес келеді?

— Росатомды қолдаймын. Қазаққа қолайлысы осы көршіміздің реакторлары. Әрине әр маманның пікірі әртүрлі. Меніңше Росатом біз үшін тиімді болатын секілді. Отын біздікі болғандықтан саяси тұрғыдан қауіп болады деп ойламаймын. Ал Франция бағаны өте қымбат ұсынады. Сол себепті тиімсіздеу.

Сұхбаттасқан:

Дина ЛИТПИН


ПІКІР ЖАЗУ