Жаңаөзенде мұнайшы Рахмет Өтесіновті еске алды

0
17

14 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында «Өзен» мұнай кәсіпшілігі басқармасының бірінші директоры, Жаңаөзен қаласының негізін қалаушы, КСРО-ның құрметті мұнайшысы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұнайшысы Рахмет Өтесіновті еске алуға арналған мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов, Рахмет Өтесіновтің жақындары мен ұрпақтары, ардагер мұнайшылар, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов, мұнай-газ саласының ардагері Ұзақбай Қарабалин, мұнайшының замандастары мен шәкірттері және өзге де қонақтар қатысты.

Жаңаөзен қаласының негізін қалаушы тұлға ретінде қала орталығында Рахмет Өтесіновке арнап ескерткіш орнатылды. Сонымен қатар, жүзуден жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында облыстық турнирдің ашылуы, тарихи тұлғаның өмір деректеріне арналған шағын кітап, фото көрмесі өтті. Аталған іс-шаралар Жаңаөзен қаласының 55 жылдық мерейтойының аясында ұйымдастырылды.

«Өзен кен орнын игеру басталған жылдары оның кәсіби біліктілігі мен шеберлігі, өндірісті ұйымдастыру қабілеті жан-жақты ашылды. Ел жоқ, жұрт жоқ жапан түзде оның тікелей басшылығымен Қазақстан мұнайшыларының даңқты мекені – Жаңаөзен қаласы құрылды. Оның кәсіби шеберлігі, терең білімі, өмірлік тәжірибесі мұнай-газ саласын дамытуға септігін тигізді», – деп атап өтті Дәулетжан Хасанов.

Салтанатта сөз алған ардагер мұнайшылар, Р.Өтесіновтың жұбайы Сақыш Қарабалина, атқарушы билік өкілдері естеліктерін бөлісіп, даңқты мұнайшының есімін ұлықтап, мұрасын жас ұрпаққа үлгі етті.

Жаңаөзен қаласының іргетасын қалап, 1964-1970 жылдары «Өзен» мұнай кәсіпшілігі басқармасының тұңғыш басшысы болған Рахмет Өтесінов мұнай саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты.



ПІКІР ЖАЗУ