Каспий теңізі жанынан ірі кен орны немесе Қазақстанға гендерлік революция керек

0
58

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы алғашқы шетелдік сапары еліміздің экономикасына 1,5 миллиард доллар алып келетін болды. Биыл кем дегенде 30 миллиард доллар инвестиция тартуды жоспарлап отырған еліміз үшін 2024 жыл берекелі басталып отыр.

‼️1,5 миллиард доллардың контрактілеріне Римде қол қойылды. Онда «Италия-Қазақстан» бизнес форумы өткен болатын. 18 контракттің ішіндегі ең ірі және маңызды келісім-шарт гибридті электр станциясын салуға қатысты болып отыр. Қазмұнайгаз мен Италияның ENI алпауыты Жаңаөзенде 247 МВт-тық гибридті электр станциясын салатын болады. 247 мегаваттың жартысын газбен айналатын турбиналар, қалғанын күн мен жел энергиясы бермек. Бұл Қазмұнайгаздың батыс өңірдегі мұнай кеніштеріне тоқты үздіксіз жеткізіп тұруға, осыған қатысты мұнай өндіруді тоқтатпауға мүмкіндік береді. Былтыр МАЭК-те қайта-қайта жарық өшіп, Қазмұнайгаздың мұнай өндірісі тұралап қалған болатын. Сондықтан Қазақстан үшін ENI технологиясы қолданылатын заманауи шағын электростанция ауадай қажет болып тұр.

💡Бірақ одан да маңызды бір нәрсе бар. ENI биылдан бастап Каспий теңізін геологиялық барлау мақсатында бұрғылай бастамақ. Қашағаннан бері біз ірі кен орнын ашпаған едік. Тіпті геологиялық барлау саласы кері кете бастады. Біздегі негізгі мұнай кеніштері ескі (40-50 жыл) деп саналатындықтан, Қазақстан мұнайдың әлемдік нарығында «перспективасы жақсы» ел статусын жоғалтып алған болатын. ENI алпауытының назар аударып, бізде әлі де ашылмаған мұнай және газ кеніштерінің бар екеніне сенуі басқа да компанияларға түрткі болары сөзсіз.

ENI бізде Қазақстан мен Италияның арасы жақсы болып тұрса ғана өндіріп жұмыс істей алады. Президент институты мемлекеттерге осындайда керек. Сондықтан Қазақстанның экономикалық және салалық блогы өз басшысы мен үлкен делегациясын осы мәселелерді реттеп келу үшін Римге аттандырған болатын.

Қазақстан 2023 жылы өзінің сыртқы саудасында, тауар айналымында тарихи рекорд қойды. Нақты цифрлар әлі шықпаса да, 11 айда 125,9 миллиард доллар көрсетсек, жыл бойынша кемінде 127-128 миллиардқа жетеміз деп сенімді айтуға болады. Бірақ, мұның бір НО-сы бар. Біздің тауар айналымдағы рекорд экспорттың емес, импорттың өсуінен орын алуда. Экспорт 8,5 пайызға қысқарса, импорт 20,4 пайызға өскен. Дәл осы кезде, экспорт бойынша біз үшін нөмірі бірінші ел Италия екені бірден есімізге түседі. Экспорттың қысқарып жатқан кезеңінде негізгі экспорттық әріптестермен қарым-қатынасты одан әрі жақсарту қажет екенін ұмытпасақ, онда Италиядан кейін Қытай жақпен кездесетінімізді болжауға болады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Италияның Президентімен де, Премьер-Министрімен де жылы кездесулер өткізді. Дәл сол кезде Еуропарламент Қазақстан демократиясы жақсарады, себебі құрылымдық реформалар жүріп жатыр деген сигнал жіберді. 2 жылдан кейін бізде мүлдем басқа, еркін экономика болуы тиіс. Президентіміз Италияның бизнес-ортасына осындай уәде беріп келді. Егер біз монополияны, олигархия мен рейдерлікті түбірімен жойып, мемлекеттің экономикаға араласуын тоқтатсақ, және дәл осы кезде тәуелсіз соттар институты пайда болса, еркін экономикаға жету қиын болмайды.

Одан бөлек, Қазақстан Ватиканмен өте жақсы, тығыз байланысты ұстайды. Рим Папасымен дос болу, католиктер, әсіресе банкирлер мен хэдж-қорлар қожайындарының жүрегіне тікелей жол ашу деген сөз.

Рим кездесулерінде біздің басшылардың барлығы ер адамдар екені көзге ұрып тұрды. Ал Италияда Премьер-Министр Джорджа Мелониден бастап, контрактіге қол қойған басшылардың барлығы дерлік әйел азаматтар болды. Қазақстанда әйел басшы көп болса, елдің экономикасы бірден көтеріле бастайтынын көптеген халықаралық сарапшылар сөз арасында айтып қалып жүр. Сондықтан бізге де тарихта тұңғыш рет әйел Премьер-Министр тағайындап, оған өз кабинетін әйел министрлерден құрауға мүмкіндік беретін уақыт келді.

Ұлттық компания басшыларын да әйелдерден тағайындау керек. Қазір Қазпошта төрайымы Әсел Жанасовадан басқа бір де бір әйел топ-менеджер ұлттық компанияны басқарып отырған жоқ. Осы шешім бірден біздің барлық рейтингтердегі позициямызды жақсартады. Экономикалық еркіндік, демократия, гендерлік теңдік рейтингтері бойынша тез көтеріле бастаймыз. Және Батыс елдері де біздегі патриархалды дәуірдің абырой болғанда біткенін көріп, мүлде жаңаша қарай бастайтын болады. Бұл — жылына кемінде 100 миллиард доллар инвестиция тартуға жол ашатын ең оптималды шешім.

Қазақстан өз бақыты үшін түрлі жолдармен күресіп келеді. Енді ол Еуропаның әйелдер потенциалын жоғары деңгейде пайдаланып отырғанын көрді. Оны Президент Тоқаев та, Қазақстанның бетке ұстар, шешім қабылдар басшыларынан жиналған делегация да байқап, іштей түйіп қойды. Осылай өзгеру керектігін министр Саясат Нұрбек те жақсы түсінді. Демек, биылдан бастап, жоғары биліктің гендерлік картасында революция жасалатыны анық.

Айбар Олжай, қаржыгер


ПІКІР ЖАЗУ