Зейнетақы ақшасын экономикаға құю халыққа не береді?

0
19

 

Бүгін Ұлттық Банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақталған 173 миллиард теңгеге үкіметтік «Бәйтерек» холдингі мен «Самұрық-Қазына» қорының 15 жылдың облигацияларын биржа арқылы сатып алатынын хабарлады. Негізі екі алпауыт 190 миллиард теңгеге облигация шығарған болатын. Бірақ жеке инвесторлар да қызығушылық танытып, олар 17 миллиард теңгенің облигациясын алды. Қалғаны БЖЗҚ-ға бұйырды.

Бұл ретте, зейнетақы ақшасының мемлекетке де, үкіметке де емес, халыққа тиесілі екенін ескерсек, екі үлкен сұрақ туындайды. Біріншісі: бұл мәміле халық үшін тиімді ме? Екіншісі – бұл мәміле халық үшін қауіпсіз бе, яғни ақшамызды жоғалтып алмаймыз ба?

Бұл халық үшін тиімді ме?

Қазір базалық ставканың 15,25%, TONIA индикаторының 14,96, ал инфляцияның жылдық мәні 9,8% екенін ескерсек, осы облигациялардың 13 пайызды құрайтын жылдық кірістілігі нарықтық және тіпті 1-2 жылдан кейін өте тиімді болып жұмыс істей бастайтынын аңғаруға болады. Әйтпесе, жеке инвесторлар бұл облигацияларға кірмес еді. Ұлттық Банктің стратегиялық мақсаты инфляцияны 5 пайызға дейін түсіру. Және инфляция түсіп келе жатыр. Артынша биыл және келесі жылы базалық ставка да төмендейді деп күтілуде. Мысалы, келесі жылы жаңа корпоративті облигациялардың жылдың кірістілігі 11-12 пайыздан артпауы мүмкін. Қаржы министрлігі жариялайтын болашақ табыстылық қисығына (кривая доходности) қарап, осы болжамның растығын тексеруге болады.

Сол кезде 15 жыл бойы 13% кірістілік беріп тұратын «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» облигациялары біздің зейнетақы қаржымызды көбейтуге жақсы ықпал етпек. 173 миллиард теңгеден біз жыл сайын 22,49 миллиард теңге кірістілік аламыз деп санасақ, 15 жылда ол 337,35 миллиард теңге болады. Сонда 173 миллиард теңге 510 миллиард теңге болып қайтпақ. Жоғары инфляция фазасынан өттік деп саналғандықтан, тіпті қазіргі сәтпен модельдесек, 9,8% болатын инфляция мәнінің үстінен 3,2% кірістілік алып отырамыз. Сондықтан, бұл халық үшін тиімді.

Бұл халық үшін қауіпсіз бе?

Ия. Бәйтерек пен Самұрық-Қазына жеке компаниялар емес. Олардың барлық міндеттемелері, қарыздары мемлекет тарапынан кепілдендіріледі. Сондықтан Қазақстанның суверенді рейтингі (S&P: BBB-/А-3, Fitch: BBB тұрақты) қандай, екі холдингте де сондай рейтинг болады. Қарапайым тілмен айтсақ, олар 100 пайыз сенімді, алған ақшасын не болса да қайтара алатын алпауыт ұйымдар. Сондықтан бұл мәміле халық үшін қауіпсіз.

Біздің зейнетақы қорында 18,7 триллион теңге ауыр жүк болып жатыр. Жата берсін дейін десек, оны инфляция жеп қояды. Табыстылық қуып стартаптардың акцияларын, немесе крипотовалюта сатып алайық десек, ақыр аяғында ақшамызды жоғалтуымыз мүмкін. Халықтың ақшасымен олай ойнауға болмайды. Сол үшін Ұлттық Банк барынша сақтықпен, 100 пайыз қайтатынына сенімді, сонымен бірге табыстылығы инфляциядан жоғары болатын құнды қағаздарды іздеп, соларға инвестиция жасайды.

Үкімет экономиканың нақты секторына зейнетақы қорынан 1,5 триллион теңге тартпақ. Оған жаңа ТЭЦ-тер салады, вагон алады, инфрақұрылымды жаңартады. Есесіне облигацияларында жоғары табыстылық пен толық гарантия беріп отыр. БЖЗҚ-ны басқарып отырған қаржыгер-инвестор ретінде Ұлттық Банк үшін бұл өте тиімді ұсыныс.

Айбар ОЛЖАЙ, қаржыгер


ПІКІР ЖАЗУ