Жаңа Үкімет: Үміт пен күдік

0
21

 

Сонымен, Мемлекет басшысының үкілеген үміті, премьер министрлікке үміткер Олжас Бектенов болып шықты. Оның есім-сойы бұған дейін премьер-министр лауазымына үміткерлер арасында аталмады. Себебі ол бұл лауазым үшін таласқа түспеген. Мемлекет басшысы алдын ала ешкіммен ақылдаспаса керек, бұл тағайындау бәрін таң-тамаша қалдырды.

Сонымен, Бектенов кім?
Саяси сарапшы Қазыбек Бейсебаевтың айтуынша, “елімізге етік киіп, шаруаның бел ортасында жүретін премьер министр керек”. Ал Бектенов осы талапқа сай келеді. Өйткені ол осыған дейін құқықтық алғашқы көмек көрсету комитетінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде нәтиже көрсете білді. 2023 жылы бюджетке қайтқан 1,5 млрд доллар мүліктік активтер мен ақшалай қаражатқа Бектеновтың еңбегі бар екені даусыз. Демек, тәжірибесіне сай экономиканы монополиясыздандыру және активтерді қайтару процестерін тереңдету үшін қажет болатын шешуші реформатор және қатал басшы қасиеттеріне толығымен сәйкес келеді.

Смайылов үкіметі қаңтар оқиғасы мен саяси бетбұрыс кезеңінен кейін елді қалпына келтіру, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу, жұрттың табысын арттыру жұмыстарын орындады. Ол өзін “кризис менеджер” ретінде көрсете алды деп ойлаймыз. Ал Бектеновтің реформаторлық үкіметі енді іштен және сырттан болатын экономикалық қауіп-қатерге қарсы тұра алуы керек.

Олжас Бектенов толығымен Тоқаевқа берілген кадр екенін жүріп өткен жолынан аңғаруға болады. Үкімет отставкасы ел жұмысына импульс беретін қарқынды шара. Ақорданың ұсынысын парламент бұған дейін қабылдамаған кез жоқ.
Ендеше Олжас Бектенов Үкімет басшысы ретінде елімізді жемқорлықтан сақтап, қоғамға төнген қауіптен қорғап жүреді деген үмітіміз мол.

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ