Премьер: Техниканы лизингке алудың несие мөлшерлемесі 5 пайыздан аспау керек

0
17

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына қажетті дизельге өтінім жіберіп үлгермегендерге тағы мүмкіндік берілу керектігін айтты.

«Ақпараттық жүйе арқылы жеңілдікті дизель отынын алу үшін өтінім беруге үлгермей қалған облыс әкімдіктері мен егіншілердің тарапынан өтініштер келіп түсуде. Оларға аталған рәсімдерден өтіп, жанармай алуға мүмкіндік беру керек.

Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен облыс әкімдіктері арзандатылған отынның бөлінген көлемін жеткізуді бақылауға алып, операторлардың оны дер кезінде тиеп-жөнелту жұмыстарын қамтамасыз етуге тиіс», — деді Премьер-министр.

Сондай-ақ, ол Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, егіс алқаптарындағы жемшөп дақылдарының үлесін арттыруды тапсырды.

«Су ресурстары министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерді суармалы сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет.

Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері және «Бәйтерек» холдингі 1-ші мамырға қарай ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыруға қаражат бөлсін. Оның түпкілікті қарыз алушы үшін ставкасы 5%-дан аспауға тиіс. Бұл ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға қосымша серпін береді.

Қаржы, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктері заманауи агротехнологияларды сақтауды ынталандыру мақсатында 1-ші маусымға дейін тиісті субсидиялар бөлу мәселесін шешуге тиіс», — деді Үкімет басшысы.


ПІКІР ЖАЗУ