Алматыдан көктемде 1200 ұлан әскерге шақырыла

0
24

 

Алматыда мерзімді әскери қызметке көктемгі шақыру науқаны 1 наурызда басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі брифингінде Алматы қаласы Қорғаныс істері департаментінің заң қызметінің бастығы Дәуренбек Шегебаев айтты.

Спикердің сөзінше, биыл ақпан айының басында ҚР Президенті 2024 жылы мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. 1 наурыздан бастап әкімдер орынбасарларының төрағалығымен қалалық және аудандық шақыру комиссиялары азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруды бастады.

«Шақыру науқаны 1 наурызда басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. 30 маусымға дейін республикадағы Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қатары әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 20 мыңнан астам ер адаммен толығады. Көктемгі шақыру науқанына Алматы қаласы бойынша 1200 азамат әскерге шақырылады. Оның ішінде ҚР Қарулы күштері қатарына – 860, Шекара қызметіне – 250 азамат, қалған азаматтар Мемлекеттік күзет қызметі, Төтенше жағдайлар министрілгінің, Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне шақырылады. Жыл соңына дейін Алматы қаласы бойынша 2500-ге жуық аазаматты әскерге шақыру жоспарланған», — деді Дәуренбек Шегебаев.
Әскерге шақырылушыларды хабардар ету бірыңғай байланыс орталығының 1414 сервисі арқылы SMS-хабарламаларды, сондай-ақ үй және жұмыс мекенжайларына жіберілетін дербес шақыру қағаздарын жіберу арқылы жүзеге асырылады. Мерзімді әскери қызметтен кейін жас жігіттің ҰБТ-да жинаған балдары ескерілмей, әскери және азаматтық жоғары оқу орындарына түсуге құқығы бар, ал мерзімді қызметте ерекшеленген сарбаздарға оқу орындарынан тегін оқуға гранттар берілетінін атап өтті. Сондай-ақ әскерге шақырылушылар әскери борышын өтеген соң ары қарай келісімшарт бойынша қызмет ету мүмкіндігіне ие болады.

«Мерзімді әскери қызметтен кейін келісімшарттық негізде қалғысы келетіндер аз емес, себебі, мұнда қолда бар әлеуметтік пакет, атап айтқанда, тұрақты жалақы, тегін медициналық қамтамасыз ету, ерте зейнетке шығу, заттай қамтамасыз ету және жеке тұрғын үй сатып алу үшін тұрғын үй төлемдері бар», — деді Дәуренбек Шегебаев.
Оның айтуынша, бейбіт уақытта азаматтар әскери қызметке шақырылудан келесі жағдайларда босатылады:

— денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
— 27 жасқа толғаннан кейін мерзімді әскери қызметке заңды негізде шақырылмаған;
— әскери қызмет өткеру кезеңінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде туыстарының бірі (әкесі, анасы, ағасы немесе әпкесі) қайтыс болған, қайтыс болған немесе бірінші немесе екінші топтағы мүгедек болған;
— басқа мемлекетте әскери (балама) қызмет өткерген;
— «ҚР арнаулы мемлекеттік органдары туралы» ҚР 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;
— ғылыми дәрежесі бар;
— тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметкерлері.

Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру Заңның 35-бабына сәйкес мынадай негіздер бойынша беріледі:

— отбасылық жағдайлар бойынша (отбасы мүшелерінің арасында мүгедектігі бар, некеге тұрған және отбасында бір және одан да көп балалары бар отбасы асырушысы);
— оқуын жалғастыру үшін (қашықтықтан оқытуды қоспағанда, оқу кезеңіне);
— денсаулық жағдайы бойынша (шақыру комиссиясының шешімімен);
— басқа себептер бойынша (құқық қорғау органдарына оқуға түсетін педагогтерге, дәрігерлерге, депутаттарға, ұшу экипаждары мен кемелерінің мүшелеріне, оларға қатысты анықтау жүргізіледі).

Спикер әскердегі қызметтен жалтарғаны үшін жауапкершілікті де еске салды.

«Әскери қызметке шақырудан жалтару мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бас бостандығын шектеуге немесе оны бір жылға дейінгі мерзімге айыруға жазаланады», — деді Дәуренбек Шегебаев.


ПІКІР ЖАЗУ