Қай өңірлерде судың беті қайтып, қай облыстар тасқын күтіп отыр

0
21

Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиеваның айтуынша, ведомство қазір тасқын суды жинау және оны өткізу үшін гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуді жалғастырып жатыр.

— Қостанай облысында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Су қоймаларына су ағынының төмендегені байқалады. Ал, екі ірі су қоймасының орташа толуы — 92%.

Бүгінгі таңда су қоймаларында 489 миллион текше метр су жиналды. Бұл су ауылшаруашылық қажеттілігіне пайдаланылады.

— Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100%-ға толды. Сергеев су қоймасы бойынша су тасқынының белсенді кезеңі әлі өткен жоқ, тұрақты күрделі жағдай сақталады. Қазсушар мамандары ағынды реттеу бойынша тәулік бойы жұмыс жүргізіп жатыр.

— Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 68%-ға толды. Жайық өзенінде су тасқынының екінші толқыны күтілуде.

— Шығыс Қазақстан облысында үш ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 84,6%. Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларына судың ағыны жанама салалар есебінен артып келеді. Осы аптада су тасқыны күтіліп отыр.

— Ақмола облысының екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 99%, екі нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі жалғасуда, сағат сайын мониторинг жүргізіледі.

— Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасы 98%-ға толы. Аймақта су тасқыны аяқталып, жағдай тұрақталды. Су тасқыны кезінде су қоймаларына 218 миллион текше метрден астам су жиналды. Алдағы уақытта жиналған су ауылшаруашылық қажеттілігіне пайдаланылады.

— Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы 100% толды, облыста су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Су тасқыны кезінде су қоймаларына 192 миллион текше метрден астам су жиналды. Бұл су ауылшаруашылық қажеттігіне пайдаланылады.

«Барлық нысандарда тәулік бойы кезекшілік жалғасады, сондай-ақ су айдындарындағы ахуалға сағат сайын мониторинг жүргізілетінін атап өтемін. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Батыс Қазақстан облысында жүр. Министр су қоймаларында тасқын суды қауіпсіз өткізу және еріген қар суын жинау жұмысын қадағалайды», — дейді Мөлдір Әбдуалиева.


ПІКІР ЖАЗУ