Парламент онлайн-казинолармен күресте оңбай ұтылды

0
24

Президенттің лудоманиямен пәрменді күресуге қатысты бірнеше қайталаған тапсырмаларын орындау мақсатында ел Парламентінде соның қайнар-көзіне жойқын соққы жасайтын бастамалар әзірленді. Олар бір жылдай қызу талқыланды.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, соның аясында біріншіден, Қазақстан Республикасы азаматтарының казино ойындарына, ойын автоматтары залдарына, букмекерлік кеңселерге, тотализаторларға және ойын бизнесі саласындағы өзге де қызмет түрлеріне қатысуына толық тыйым салу ұсынылды.

Екіншіден, букмекерлік кеңселердің немесе тотализаторлардың интернет-ресурстары арқылы ставкаларды қабылдауына тыйым салу жөніндегі талапты енгізуге қадам жасалды.

Үшіншіден, ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, ставка қабылдауды және ұтыстарды төлеуді жүзеге асыруға тыйым салу қарастырылды. Нәтижесінде, елімізде онлайн-казиноларға түпкілікті тоспа қою жоспарланған. Өзге де нормалар көзделді.

Спорт министрлігінің мәліметінше, осы ұсыныстар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасына енгізілді. Мысалы, 13-баптың 2-тармағының 2) тармақшасына толықтыру ұсынылды.

Таяуда, 2024 жылғы 6 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент қабылдаған осы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Бірақ Президенттің үстеліне қойылған құжатта жоғарыда аталған бастамалардың бірде бірі болмады.

Туризм және спорт министрлігі олардың заңның ақырғы нұсқасына өтпей қалуының себептерін жариялады. Олардың бәрі Үкіметте, бизнес пен сарапшылық ортада талқылау барысында «реттеу мақсаттарына жету деңгейі» (уровень достижения целей регулирования) көрсеткіші бойынша 14-17 балл ғана жинапты. Жеткілікті болуы үшін кем дегенде 30 балл алуы керек екен. Ең жоғарғы бағасы – 40 балл.

Бұған дейін талай жазғандай, бетімен кеткен букмекерлік кеңселер мен онлайн-казинолар Қазақстан халқын, әсіресе жастарды құмар ойындардың құлына айналдырып барады. Тек ресми статистика бойынша елде 350 мың адам лудоман саналады. Шындығында саны одан әлдеқайда көп. Елде бір жылда жасалған 157 мың қылмыстың 20 пайызы құмар ойыншыларға тиесілі.

Қазақстанда құмар ойынға тәуелді әр адамның орташа қарызының мөлшері 10 миллион теңгеден асып кетті. Ғалымдардың зерттеуінше, лудоманияға шалдыққандардың 70 пайызы өзіне қол жұмсауды ойласа, 14 пайызы суицид жасауға оқталған.

Сондай-ақ  депутаттардың байламына сілтеме жасап, ойын бизнесі мемлекетті бопсалап отырғанын жазды.

Қынжылтатыны сол, Үкіметтің қарсы дәйектемесінің бәрі қаржыға тіреледі: егер қазақстандықтарға құмар ойындарын ойнауға тыйым салса, сондай-ақ букмекерлердің интернет арқылы онлайн ставка қабылдап, ұтыстарды төлеуіне тыйым салса, бюджет пен спорт мол қаржыдан қағылады дегенге саяды.

«Мемлекеттің басым міндеттерінің бірі – халықты қорғау және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінде букмекерлік кеңселер санының қысқаруы бойынша оң динамика байқалады. Мәселен, 2021 жылдың басында 38 мекеме жұмыс істесе, қазіргі уақытта олардың саны екі еседен астамға қысқарды: 16 букмекерлік кеңсе тіркелген, оның тек 12-сі белсенді жұмыс істейді. 2023 жылы 14 талап арыз түсірілді. Сот ісін қарау қорытындысында 6 букмекерлік кеңсе, 5 тотализатор және бір ойын автоматтары залы лицензиядан айырылды», – деп мәлім етті Туризм және спорт министрлігі.


ПІКІР ЖАЗУ