РЕСЕЙДЕ ТАСҚЫННАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

0
19

Ресейде тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға 20 мың рубль көлемінде өтемақы төленеді,

Халықтың алғашқы легі материалдық көмекке біртіндеп қол жеткізіп жатыр. Бірақ аймақтарда қауіп сейілмей тұр. Тасқын басталғалы 370-ке жуық елді мекенді су басқан. Жергілікті халықты құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қорғанда қауіп артып келеді. Тобыл өзенінде су деңгейі 743 см-ге жетіп, 12 елді мекен су астында қалған. Тағы 205 үй мен 320 жер алқабын басқан.

Мамандар Қорған қаласын қоса алғанда 7 муниципалды округтегі бас-аяғы 62 елді мекен қауіпті аймаққа кіретінін ескертті. Қазір ұзындығы 30 шақырымға жететін бөгетті нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 200-ден астам техника мен 14 мың маман тартылған. Сондай-ақ арнайы бригада Амур аймағынан 20 су құятын дамба жеткізді. Қазір тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары үздіксіз жалғасып жатыр. Анастасия Аргышева, Қорған қаласы мэрінің міндетін атқарушы: — Бізге көмек керек. Су, дәрі-дәрмек, көрпе-жастық секілді заттар қажет. Оларды уақытша орталықтарға әкеле берсеңіздер болады. Сондай-ақ мамандарға көбірек қап, күрек, қолғап керек. Бұдан бөлек, эвакуациялауға жәрдемдесетін еріктілердің де көмегі артық болмайды. Орынбор жұртын Жайықтың жайы алаңдатып отыр. Мұнда су мөлшері рекордтық деңгейге жетіп, 11 метрден асты.

78 елді мекенде 12 мыңнан астам үй, 15 мыңнан астам жер алқабын топан су басқан. Халықты эвакуациялау үшін 41 уақытша баспана жұмыс істеп тұр. Онда 1400-ден астам халық қоныстанған. Бала саны 300-ге жуықтайды. Андрей Беспоместный, қоғамдық орталық директоры: — Мұнда тұрмыстық химия, төсекжабдық сынды күнкөріске керектінің бәрі бар. Біз тұрғындардың барлығын қажетінше қамтамасыз етеміз. Тәулігіне 3 рет ыстық тамақ беріледі. Аймақта инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін 40 млрд рубль қажет. Орынбор облысының губернаторы РФ президентіне соңғы есебінде осылай деп мәлімдеді.

Ал тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға 20 мың рубль көлемінде өтемақы төленеді. Жергілікті халық үкіметке қажетті құжаттарын өткізіп, материалдық көмек ала бастады.


ПІКІР ЖАЗУ