Ғалымдар Астананы тасқыннан қорғайтын экожүйенің моделін жасап шығарды

0
21

Назарбаев университеттің Таукен ісі және жер туралы ғылымдар мектебінің постдокторанты Маржан Байғалиева Германияның Дрезден техникалық университеті гидроғылымдар кафедрасының ғылыми қызметкері Каталин Стефанмен бірге Астана маңайындағы табиғи су көздерін тиімді басқару жобасын қолға алды.

Қазір ғалымдар жобаны коммерциялық сатыға шығару жұмыстарымен айналысып жатыр. Бұл іс сәтті аяқталса, биыл қазан айында нақты жұмысқа кіріспек. Ал 2026 жылдың қазанында жоба қала игілігіне жұмыс істей бастауы керек. Қарапайымдап айтсақ, бұл жоба Астана аумағына көктен жауатын және үстірт аумақтардан ағып келетін жауын-шашынның суын тұрғындарға қолайсыздық туындатпай игеріп, жерасты суының деңгейін үнемі бақылауда ұстап отыруға құрылған. Ол үшін екі кезеңмен әрекет ету жоспарланған.

Бірінші кезеңде қаланың Талдыкөл сияқты стратегиялық нүктелерінде мониторинг полигондары орнатылады. Ол полигондар ғарыштан спутник арқылы алынған Астананың айналасындағы қар мен ылғал туралы топографиялық деректерді өңдеп, жерасты суларының деңгейіне қарай отырып жасанды зейіннің көмегімен тасқындарды болжауға қолданылады.

Екінші кезеңде осы болжанған тасқындардың алдын алуға мүмкіндік беретін экожүйе құруға бағытталған. Ол үшін ғарыштан алынған кескіндер мен жерасты суларына жүргізілген барлау жұмыстарының қорытындыларын, кейінгі жылдардағы тасқын деректерін таразылай отырып ылғал көп жиналатын тұстар анықталады. Осы анықталған орындарға ылғал мен қар тоқтататын жасыл желек егіледі. Ал үнемі ылғал беті шығып, батпақтанып жататын тұстарға арнайы ұңғымалар орнатылады. Ол ұңғымалар жер қыртысындағы артық суды тазартып, қаланың су жүйесіне бағыттап отырады.

Германиялық ғалым Каталин Стефан климаты жыл сайын жұмсарып келе жатқан Астана үшін аталған жобаның пайдасы көп болады деп отыр.

«Климаттың өзгеруі мен урбанизацияның әсерінен Қазақстандағы қалалар көктем мен жазда тасқыннан зардап шеге бастағанына да біраз уақыт болды. Сонымен бірге жаздың құрғақ айларында су тапшылығы сезіліп жүр. TERESA жобасының идеясы жер бетіндегі су мен жер астындағы суды тиімді басқару мақсатынан туындады. Тасқыннан қорғап қана қоймай, көктемде жер-көкке сыймай кететін суды жаздың құрғақ айларында керекке жарату ұсынылып отыр», — дейді ол.


ПІКІР ЖАЗУ