Бишімбаев ісі: БАҚ өкілдерінің сот залына кіруіне қайта рұқсат берілді

0
24

 

 

«Алқа билерді сот отырысы залына шақырмас бұрын, тексеру нәтижесінде анықталғандай олардың фотолары мен видеосын БАҚ-та жариялаған КТК арнасының өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік жаза ескерту түрінде қолданылды», — деді судья Айжан Құлбаева.

Сондай-ақ, судья журналистерді сот залына кіргізуге рұқсатты дауысқа салды, Қ. Бишімбаев пен оның қорғаушылары қарсы шықты, қалған жақ қарсылық танытпады. Осылайша судья 10 минутқа үзіліс жариялады.

«Сот процесінің ашық өтіп жатқанын ескере отырып, қылмыстық іс жүргізу кодексінің 29-бабында бекітілген іс жүргізу сотының жариялылық қағидатын қамтамасыз ету және әділ сот талқылауы мақсатында сот бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін сот залына кіруіне рұқсат беру қажет деп санайды. Сондай-ақ, КТК арнасы да сот залына жол беріледі, өйткені бұған дейін оларға қатысты әкімшілік жауапкершілік қолданылды», — дейді судья.

Еске сала кетсек, соттың тыйым салуына қарамастан, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде алқа билердің бет-әлпеті бейнеленген видео пайда болған еді. Содан кейін сот БАҚ өкілдерін сот залына кіргізбеу туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, айыпталушы Қуандық Бишімбаев сотқа ұялы телефонының паролін беруден бас тартты. Оны тек қорғаушыларына ұсына алатынын айтқан еді.

Еске сала кететін тағы бір жайт, Жоғарғы сот Бишімбаев пен Байжановтың ісін жүргізген судья Айжан Құлбаеваға белгісіз нөмірден қоңыраулар мен қорқыту хабарламалары түскенін мәлімдеген еді.

Астана қаласының полиция департаменті судья А.Құлбаеваға қатысты қорқыту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.


ПІКІР ЖАЗУ