Қазақстанда әскери техника зауыттары қандай өнімдер шығарады

0
29

Қорғаныс министрлігі қару-жарақ және әскери техника нарығына, жауынгерлерді жабдықтаудың келешегі бар бағыттарына, дамыған елдердің армияны жабдықтаудағы тенденцияларына, әскери қақтығыстарда қолданылатын әскери қимылдарға жүйелі түрде талдау жасап отыратыны түсінікті. Бұл тұрғыда әскердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ететіндей сапасы жоғары қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Осы орайда, қазір еліміздің қорғаныс саласын әскери техникамен және құралдармен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындардың жұмысы жайында мәліметтерді назарға ұсынуды жөн көрдік.

Астанадағы бірегей зауыт

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС — Орталық Азиядағы заманауи құрышталған дөңгелекті техника шығаратын ең ірі кәсіпорын. Броньды техниканың мынадай түрлерін шығарады:

— 4х4 дөңгелекті формуласындағы «Арлан» БДМ

Кәсіпорын минаға қарсы үлгісіндегі броньды машиналар шығаруға мүмкіндік беретін инновациялық технологияға ие. Кәсіпорынның жоғары технологиялы қондырғылары жұмыстың толық циклін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Біздің компания заманауи құрышталған дөңгелекті машина шығаруға арналған. Минаға қарсы MRAP үлгісіндегі броньды машиналарды пайдалануға беріп жатырмыз. Мәселен, «Алан» машинасының жобасы толықтай Қазақстанда әзірлеген. Біздің инженерлер осыны даярлар шығарды. Бүгін осы көлік түрін құқық қорғау органдары, Төтенше жағдайлар министрлігі алып жатыр. Компания өндірісіне қатысты елімізде қолдау бар. Атап айтқанда, отандық осындай көліктерді өндіруге мемлекеттік тапсырыс артып келеді. Сонымен қатар, компания жауынгерлік модульдерді – атыс қаруын басқару жүйесін шығаратын еншілес өндірісті құруды бастады. Машиналардың үстіне қару-жарақты басқаратын тиісті модульдер орнатылады. Жақын арада екінші зауыттың іргетасы қаланады. Мұнымен қоса, компания өзінің серіктестерімен бірлесе ұшқышсыз басқарылатын аппараттар шығаратын зауыттың құрылысына кіріседі. Ең бастысы, біздің зауытта конструкторлық бюро бар. Ондағы жас инженерлердің жұмысы, барлық зияткерлік меншік Қазақстанға тиесілі», — деді «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС коммуникация департаментінің басшысы Найзабек Олжабайұлы.

Әскери техниканы кімдер жөндеп жатыр?

«Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ – елдегі ірі машина жасау кәсіпорындарында бірыңғай қаржылық, өндірістік және технологиялық саясатты қамтамасыз ететін холдингтік құрылым. Компанияның жалғыз акционері ретінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі саналады.

Жалпы, Қазақстан инжиниринг компаниялар тобының құрамына 14 кәсіпорын кіреді. Мәселен, оның құрамындағы «Қазақстан инжиниринг «R&D орталығы» ЖШС қызметі әскери-өнеркәсіптік кешен саласындағы отандық ғылымды дамытуға, ғылыми-техникалық қамтамасыз етуге және мемлекеттік қауіпсіздік бағытында жаңа өндіріс түрлерін дамытуға бағытталған. Негізгі бағыт – идеяларды жаппай өндіріске енгізу мақсатында роботтық технологияны әзірлеу әрі өндіру.

Биыл ақпан айында «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы» ЖШС өз өнімдерін Ұлттық Қорғаныс Университетінде өткен көрмеде ұсынды. Бұл өнімдер арасында зауыттың технологиялық жаңалықтары, соның ішінде «Шағала-М», «Jetisu» көпфункционалды автономды пилотсыз жер үсті аппараты, «Қаракус» квадрокоптері және басқа да өнім түрлері болды.

Бұдан бөлек, «Семей Инжиниринг» АҚ 1976 жылы құрылған және оның қызметі — броньды машиналарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және жаңарту. Бастапқыда өндіріс бронетранспортерді жөндеуден басталған. Содан кейін зауыт танктерді, жаяу әскерлердің жауынгерлік машиналарын, өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыларды жөндеуді қамтыды.

2011 жылы «Семей инжиниринг» АҚ кәсіпорны Т-72 танкісінің және оның модификациясының күрделі жөндеуін игерді.

Астанада «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» зауыты бар. Кәсіпорынды «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Еурокоптер» француз кәсіпорны бірлесіп құрған. Атап айтқанда, осы зауыттан шыққан тікұшақтар қорғаныс саласында әскерилерді тасымалдау жұмыстарына жұмылдырылады. Ал төтенше жағдайлар саласындағы тікұшақтар медицина, апаттық-құтқару, өрт сөндіру шараларына арналған.

Компания H125, H130, EC145 және H145 тікұшақтарын сатуға, құрастыруға әрі техникалық қызмет көрсетуге маманданған, сондай-ақ тікұшақтарға экипаждарды оқытумен айналысады.

«Барс» жобасының кемелері 2006 жылдан бастап шығарылды. Зауыт жасаған осы жобаның барлық кемелері Қазақстан теңіз шекарасын күзету бойынша Каспий теңізінде жүр. 2016 жылдан бастап қару-жарақ бөлігінде жаңартылған кеменің түрі жеткізіліп жатыр.

«Қазақстан авиациялық индустриясы» ЖШС қызметіне тоқталсақ, кәсіпорында әуе көлігі мен ұшқышсыз аппараттарды жөндеумен айналысады. Онда авиация саласында жаңа мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыру және оларға техникалық қызмет көрсету бағыттары қамтылған.

Сонымен қатар, «Қазтехнология» АҚ — Қазақстан Республикасында шығарылған оқ-дәрілерді кәдеге жарату және өңдеумен айналысатын жалғыз кәсіпорын. Оның негізгі қызметі – қолданыстан шығырылған оқ-дәрілерді жою және өңдеу. Зауыт әлеуетті серіктестермен бірлесіп бұл салада жөндеу жұмыстарын іске асыруды жоспарлап отыр.

Мұнымен қоса, 2013 жылы Астанада ТМД аумағында теңдесi жоқ «Қазақстан Aselsan инжиниринг» қазақ-түрiк бiрлескен зауыты ашылды. Электронды-оптикалық құрылғылар шығаратын бұл өндірістің өнімдері бүгінде жоғары сұранысқа ие.

Компания кейінгі жылдары цифрлық радиостанциялар мен басқа да байланыс жабдықтарын шығаруды меңгерген. Қазақстандағы инновациялық технологиялар саласында ілгерілеу және мамандардың кәсіби деңгейін көтеру мақсатында зауыт әскери және азаматтық өнеркәсіптегі тұтынушылар үшін радиостанциялар мен байланыс құралдарын шығаруды іске қосты.


ПІКІР ЖАЗУ