Үкіметтің ауыл кәсіпкерлері алдындағы қарызы рекордтық 320 миллиард теңгеден асты

0
20

Шенеуніктер ауыл шаруашылығы өндірушілерін демеуқаржымен жарытпай тұр. Шаруалардың айтатыны осы. Тиесілі субсидияны уақытында төлемей, жылдар бойы берешегін созып келеді дейді. Бірақ биліктің де аграршылардың тірлігіне көңілі толмайтын көрінеді.

Мысалы, биылғы жыл басында ауыл шаруашылығы өкілдерімен кездескен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов аграршылардың мемлекеттік қаражатты тиімсіз шығындап жатқанын биік мінберден мәлімдеген болатын. Аймақ басшысы шаруалардың бүкіл ақшаны өндірісті дамытуға бағыттау орнына жол талғамайтын қымбат көліктермен жүретінін бетіне басты.

«Субсидиялар біз күткендей нәтиже бермей тұр. Немесе олар тиімсіз пайдаланылады. Сол себепті қаржыландыру тәсілдері қайта қаралуға тиіс. Біздің алдымызға Президент аграрлық сектордағы өнімділікті 2 есе арттыру міндетін қойды. Ол өсуі үшін жұмысшыларға жағдай жасалуы, олар лайықты жалақы алуы керек. Адамдарыңызға қамқорлық жасауыңыз керек. Қиындық туралы айтқанда етектеріңіз жасқа толады, дәл сол кезде өздеріңіз қымбат көліктермен жүріп, қалада тұрасыздар. Ал, ауылдарыңыз қирап жатыр. Сіздер не істейсіздер? Табыс таба сала, оны бірден өздеріңізге жұмсайсыздар. Бірінші кезекте ауылдың қамын ойлаңыздар!» – деді Құмар Ақсақалов.

Қостанай облысының ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, субсидиялар сомасы өңірде 2014 жылғы 16 миллиард теңгеден 2023 жылы 45 миллиард теңгеге дейін бірнеше есе өсті. Алайда не өсімдік шаруашылығында, не мал шаруашылығында өндіріс елеулі өспеген. Облыста азықжем дақылдарының өндірісі құлдыраған, көп жылғы шөп өсірілетін егістіктер азайып кеткен.

Өз кезегінде, қостанайлық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің мәлімдеуінше, олар субсидияны уақытылы ала алмайды. Салдарынан, өндіріске инвестиция салу, жаңа, заманауи техника сатып алу қиын. Осы бір өңірде ғана аграршыларға 2023 жыл үшін 16 миллиард теңге сол бойы төленбеген. Субсидиялауды «Қолдау» ақпараттық жүйесінен «ГосАгро» жаңа жүйесіне көшіру кесірінен 2022 жылы Қостанай облысында 8 миллиард теңге не әрі, не бері кетпей, екі ортада ілініп қалған. Содан минералды тыңайтқыштар сатып ала алмай отырғандар бар.

Ұқсас жағдай барлық облыста қалыптасуда.

Өз кезегінде әкімдер нақты нәтиже көрсеткен ауыл кәсіпкерлеріне ғана демеуқаржы беру туралы бастама көтерді. Осыған орай Үкімет биылдан бастап агроөнеркәсіп кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау көрсету тәсілдерін қайта қарауға шешім қабылдады. Субсидия беруді өндіріс көлемінің өсуімен тығыз байланыстырмақ.

Бұл аграршыларды алаңдатып отыр. Биыл ауыл-қаланы ғана емес, қаншама алқапты су басып қалды. Тасқын су Ресей жақтан әрі қарай келуде. Тиісінше, қызыл су әзір қайтпайды. Салдарынан, ондай егістіктерге дән де уақытында себілмей қалғалы тұр. Мұндай жағдайда өнімділік туралы айтудың өзі әбестік.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың айтуынша, 2014 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі аралықта ауыл шаруашылығын субсидиялау бағдарламалары жергілікті бюджетке біртіндеп берілді. Яғни, бұл енді әкімдіктердің құзырындағы шаруа.

Премьердің мәліметінше, 2024 жылы агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 435,7 миллиард теңге қарастырылған, оның ішінде:

  • өсімдік шаруашылығына – 95,4 млрд теңге;
  • мал шаруашылығына – 114,6 млрд теңге;
  • балық шаруашылығына – 3,9 млрд теңге;
  • ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге – 11,3 млрд теңге;
  • қаржы құралдарына – 210,5 млрд теңге беріліп отыр.

Бұл ретте мемлекеттің субсидия бойынша қарызы артып барады.

«Қазіргі уақытта республика бойынша күту парақтарын өтеуге 320,9 миллиард теңге қосымша қаржы қажет. Тарата айтсақ, өсімдік шаруашылығын субсидиялауға – 96,9 млрд теңге, мал шаруашылығын субсидиялауға – 43,5 млрд теңге, қаржы құралдарына – 175,9 млрд теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге – 4,6 млрд теңге», – деді Олжас Бектенов.

Ол мәселені шешуге уәде етті.

«Республика бойынша ауыл шаруашылығын субсидиялауға қосымша қажеттілік Қазақстан заңнамасына сәйкес қаралады. Ел Үкіметі республикалық бюджетті нақтылаған кезде Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына шығарады», – деді Премьер.

Сенатор Сәкен Арубаев Жамбыл облысын мысалға келтірді. Биылғы жылы облыста 9,8 мың гектар алқапқа қант қызылшасы дақылын егіп, жоcпарлы өндірілетін 346 мың тонна өнім алу үшін қажетті қаражат 8,6 млрд теңгені құрағанымен (субсидия көлемі – 1 келісіне 25 теңгеден), бұл бағытқа 2 млрд теңге ғана жоспарланған.

Бұған қосымша, 41,5 мың тонна минералды тыңайтқыштарды субсидиялау арқылы егістік алқаптардан алынатын өнім көлемін арттыруға қажетті 3,1 млрд теңге қарастырылмаған көрінеді.

«Бұдан бөлек, 2024 жылға мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 5,3 млрд теңге қаржы бөлінгенімен, 2023 жылдан қалған резервтегі 1 182 өтінімнің қарыз сомасы 2,6 млрд теңгені құрап, мал шаруашылығының да мазасы қашуда. Негізі, облыстағы мал шаруашылығын дамыту және асыл тұқымды малдың үлесін арттырып, ет пен сүттің өндіріс көлемін ұлғайту, мал санын арттыру жыл сайын 10 млрд теңгені қажет етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай нәтиже берері түсініксіз, қаржының басым бөлігі қарызға төленген», – деді Сәкен Қаланұлы.

Сол сияқты облыста биылға инвестициялық субсидиялау бағдарламасына бөлінген 6,7 млрд теңге қаржының 6,1 млрд теңгесі тағы да өтпелі қарыз өтінімдерін өтеуге жұмсалды.

Жалпы, облыстағы 2024 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бюджеттен бөлінген 19 млрд теңгенің 12,5 миллиарды өткен жылдың өтпелі қарыздарды «жабуға» бағытталуда. Өтпелі қарыздар өтінімдері толық қанағанаттандырылған жағдайда 2024 жылға тек 7,1 млрд теңге қаржы қалады. Дұрысында, бұл бағдарлама аясында шаруалар қажетті техника, құрал жабдықтар мен су үнемдеу технологияларын алулары керек болатын.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Жамбыл облысында да қарыз сомасы орасан екенін жасырмады. 2024 жылы Жамбыл облысы бойынша ауыл шаруашылығын субсидиялауға 19,8 миллиард теңге беріліпті. Мұқтаждық пен тапшылық болса, одан екі еседей көп.

«Бүгінде Жамбыл облысының алдына қойылған тапсырмаларды іске асыру үшін берілген бюджеттік өтінімдерге сәйкес жалпы сомасы 31,4 миллиард теңге қосымша қаражат қажет: соның ішінде өсімдік шаруашылығына – 10,8 миллиард теңге (басым дақылдарды субсидиялауға 8,6 млрд теңге, тыңайтқыштарды субсидиялауға 2,2 млрд теңге); мал шаруашылығына – 6 миллиард теңге; балық шаруашылығына – 0,075 млрд теңге; қаржы құралдарына – 13,4 млрд теңге (инвестициялық субсидияларға 8,3 млрд теңге, сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға 5,1 млрд теңге), ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге – 1,2 млрд теңге», – делінген ресми жауапта.

Сала үшін жаңа ұлттық жоба әзірленуде

Шынында, сонау 2021 жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдер алдына «ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді 5 жыл ішінде 2 есеге ұлғайтуға» тапсырма берген болатын. Ол орындалмай қалуы мүмкін. Екі жылы артта қалды.

Премьер О.Бектеновтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөніндегі жол картасының міндеттеріне қол жеткізу үшін ел Үкіметінің 2024 жылғы 28 ақпандағы №132 қаулысымен АӨК дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы өзектілендірілді. Сөйтіп, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі енді 2024-2028 жылдары 2 есеге арттырылуға тиіс.

«Тұжырымдаманы іске асыру мақсатында бүгінде агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды ұлғайтуды көздейтін «АӨК-ті 2028 жылға дейін дамыту жөніндегі ұлттық жобаны» әзірлеу жұмыстары жүргізуде. Әрбір өңірдегі қолда бар өсу резервтері мен даму әлеуетін ескере отырып, нақты нысана-индикативтер белгілеуге, өңірлердің оларға қол жеткізуіне бағытталған іс-шаралар жүргізілді», – деді Үкімет басшысы.

Ол ауыл шаруашылығының жалпы өнім өндірісін 5 жыл ішінде 2 еселеу үшін келесідей шаралар қабылданатынын жеткізді:

  • Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру аясында субсидиялау көлемін кемінде 2 есе рұқсат етілген деңгейге дейін жеткізу;
  • көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын кемінде 1,5 триллион теңге көлемінде жеңілдетілген кредиттер тарату (тұқым, тыңайтқыш, пестицидтер, ЖЖМ сатып алуға);
  • ауыл шаруашылығы техникасын жылына 8–10% деңгейінде жаңарту мақсатында отандық ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуды қаржыландыру үшін жеңілдікті лизинг көлемін 450 млрд теңгеге дейін жеткізу;
  • инвестициялық жобаларды 800 млрд теңгеге жеткізу, оның аясында Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін өңірлерге тарату. Айта кету керек, бұл міндеттер 2021 жылы да қойылған еді. Орындалмаған соң мерзімі алға ысырылып отыр.

Бұдан басқа, ағымдағы жылы АӨК субъектілерін қаржыландыруға 719 миллиард теңге қарастырылған екен.

Қорыта айтқанда, субсидияларды қоса алғанда, 2024 жылы АӨК-ті қаржыландырудың жалпы сомасы 1,2 триллион теңгені құрайды. Қазіргі кезде Үкімет түрлі көздерден қосымша қаржыландыру мәселесін де пысықтап жатыр.


ПІКІР ЖАЗУ