«12 адаммен қатынасқа мәжбүрлеген»: Түркістанда қыздың әкесі әділдік сұрайды
Түркістан облысында туыс ағасы зорлық көрсетіп, 12 ер адаммен жыныстық қатынасқа мәжбүрлегенін айтқан қыздың әкесі әділдік сұрайды. Ол істің қайта қаралуын талап етіп, Алматыда сұхбат берді, деп хабарлайды Politico.kz 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Әкесінің айтуынша, оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп, бір адам сотталған. Бірақ ол іске қатысы бар адамдардың бәрі жауапқа тартылмағанын айтады.
«Қорқытқан, пышақ алған, соямын деген, ұрған қызды. Мәжбүрлеген осыған. Қайда енді? Сот қайда? Ол қалай қамалды? Істі қалай жапқан? Міне, енді содан құтырып жүр олар. Ары-бері сигнал басып өтеді, мазақтап. Ертең біздің намысымызға тиетін бірнәрсе қылса не болады сонда?!» деді жәбірленушінің әкесі.
Оқиға Мақтаарал ауданында 2024 жылғы тамызда болған. Бойжеткен бұл туралы 2025 жылғы 22 тамызда берген сұхбатында айтып берді.
Қыздың сөзінше, 45 жастағы туыс ағасы көлік жүргізуді үйретемін деп, оны оңаша жерге алып барған. Бойжеткен ер адам өзін зорлыққа ұшыратып, видеоға түсіргенін мәлімдеген.
Жәбірленушінің айтуынша, туысы кейін осы жазбамен бопсалап, 8 ай бойы 12 ер адаммен жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген. Ол ер адамдардан ақша алғанын да айтқан.
«Бір кісіге 3-4, тіпті 5-6 рет деген сияқты. Қанша қарызы бар, сол қарызын өтегенше... Мен оларға да жалындым. Жіберуін сұрадым. Олар «Мен сені сатып алғанмын, мен не айтсам соны істейсің» деп айтатын», деді бойжеткен.
Түркістан облысының полициясы бұған дейін осы оқиғаға қатысты бір адам ұсталғанын хабарлаған. Бірақ тергеу барысында зорлау дерегі анықталмаған.
Полицияның мәліметінше, күдіктіге видео таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалған.
Сот ер адамды осы іс бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған. Кейін рақымшылық туралы заңға сәйкес жаза мерзімі қысқартылған.
«Конституцияның отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы Заңының негізінде бестен бір бөлігіне қысқартылып, 2 жыл 10 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған», деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, сотталған адам қазір бостандықта жүр. Қыздың әкесі істің толық тергелмегенін айтып, барлық қатысы бар адамдарды жауапқа тартуды талап етеді.
Шағымданушылар полицияның әрекетіне де наразылық білдірді. Олардың сөзінше, полиция бойжеткенді қолдаған белсендінің үстінен әкімшілік іс қозғаған.
Полиция бұл мәселеге қатысты жауап бермеген.
Соңғы жаңалықтар