14 сарбаздың қазасынан кейін экс-депутат Ринат Зайытов жаңа қызметке келді

14 сарбаздың қазасынан кейін экс-депутат Ринат Зайытов жаңа қызметке келді
Фото: ашық дереккөз

Айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Ринат Зайытов Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы болып тағайындалды. Ол бұл жауапты лауазымға қазан айының басында, Маңғыстау облысындағы 14 сарбаздың қазасынан соң келгенін «Adal ADAM» YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Экс-депутаттың айтуынша, ол жаңадан тағайындалған Қорғаныс министрінің арнайы шақыртуымен жұмысқа кіріскен. Бұл орталық әскери ансамбль, оркестр қызметін үйлестіріп, түрлі патриоттық әрі мәдени шараларды ұйымдастырумен, сондай-ақ жастар мен сарбаздардың отансүйгіштік қасиетін шыңдаумен айналысады.

Сонымен қатар Ринат Зайытов бұл қадамға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған қорғаныс саласындағы түбегейлі реформалар себеп болғанын атап өтті. 

«Мен жаңа өзгерістерден шет қалғым келмейді, сондықтан бұл қызметке қуана келдім. Басталған ауқымды реформалардың бір бөлшегі болу – басты мақсатым», – деп түйіндеді ол.

Ринат Зайытов кім?

Ол 1984 жылы 14 қарашада Абай облысындағы Өркен ауылында дүниеге келген. Ол Семей педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Кейін Қазақ қатынас жолдары университетінің магистратурасын “Бизнес және басқару” мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын «Дариға-ай» жастар театрында актер болып бастаған. Кейін Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлімнің маманы болып жұмыс істеген. Сонымен қатар Алатау дәстүрлі өнер театрының директоры қызметін атқарған.

2023-2026 жылдары VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды. Парламентте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу